НАТО мен АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығара бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 мамырда АҚШ пен НАТО Ауғанстаннан әскерін әкетуді ресми түрде бастады. Бұл туралы сенбіде Ақ үй мен Пентагон өкілдері мәлімдеді.

Азаттық радиосының мәліметінше, қазір Ауғанстанда АҚШ-тың 2500-3500, НАТО-ның 7000 әскери қызметкері бар. Олардың бәрі жаздың соңына дейін кетуі тиіс. Осылайша Батыс күштері жиырма жылға жуық уақыттан соң елден біржола кетпек.

АҚШ пен "Талибан" келісіміне сәйкес шетел күштері Ауғанстаннан 1 мамырға дейін кетуге тиіс болған. Бірақ АҚШ президенті Джо Байден тым асығыс кету АҚШ-тың және одақтастардың әскери контингентіне қауіп төндіреді деп мерзімде кейінге ысырған.

30 сәуір күні кешке Ауғанстан ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Хаятулла Хаят "Талибан" шабуылдауы мүмкін деп қауіпсіздік шарасын күшейтті. Сол күні осы мәлімдеменің алдында Логар аймағының әкімшілік орталығы Пули Аламда жарылғыш затпен жабдықталған көлік жарылып, кемі 26 адам мерт болды, жүзден астам адам жарақаттанды. Ешқандай топ бұл шабуыл үшін жауапкершілік алмады.

Әскери күштердің елден толық кетуінен соң соғыстан шаршаған Ауғанстанда тұрақсыздықтың жаңа кезеңі басталуы мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы