Кеше 2026, 16:17 Фото: shutterstock.com

НАТО дағдарысы: Трамптың ұстанымы Еуропаны алаңдатып отыр

Сарапшылардың пікірінше, Дональд Трамп НАТО-дан бірден шығуға бармауы мүмкін.

Соңғы жылдары НАТО төңірегіндегі пікірталас қайта күшейді. Әсіресе АҚШ-та Дональд Трамптың саясат сахнасына оралуы альянстың болашағына қатысты сұрақтарды көбейтті. Вашингтон шынымен НАТО-дан шығуы мүмкін бе? Әлде бұл Еуропа елдеріне қысым жасау тәсілі ғана ма? BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.

Сарапшылардың пікірінше, мәселе НАТО-ның бірден ыдырауында емес. Басты өзгеріс – АҚШ-тың альянс ішіндегі рөлін қайта қарауға тырысуында.

НАТО неліктен АҚШ үшін маңызды?

НАТО 1949 жылы құрылғаннан бері Вашингтон үшін әскери ғана емес, геосаяси ықпал құралына айналды. Бүгінде альянс құрамында 32 мемлекет бар. Ұйымның негізгі әскери қуаты да, қаржылық салмағы да көбіне АҚШ-қа тиесілі.

НАТО-ның ресми деректеріне сәйкес, соңғы жылдары альянс бюджетінің едәуір бөлігін Америка көтеріп келеді. Вашингтон Еуропадағы әскери инфрақұрылымға, қорғаныс жүйесіне және НАТО операцияларына миллиардтаған доллар жұмсайды.

Дәл осы мәселе Дональд Трамптың басты сынына айналды.

Трамп неге НАТО-ны жиі сынайды?

Саясаттанушы, халықаралық сарапшы Таир Нигмановтың айтуынша, Трамптың көзқарасы оның алғашқы президенттік кезеңінен бері өзгерген жоқ.

Оның пікірінше, АҚШ халықаралық ұйымдарға тым көп қаржы жұмсап отыр, ал пайдасы соған сай емес.

Алдағы уақытта НАТО-мен байланысты жағдай Дональд Трамптың бірінші президенттік кезеңінде бастаған саясатының жалғасы болуы мүмкін. Трамптың негізгі наразылығы – НАТО құрылымының өзіне байланысты. Оның ойынша, америкалық салық төлеушілер іс жүзінде басқа одақтастардың қауіпсіздігін қаржыландырып отыр. Жалпы АҚШ қатысатын халықаралық ұйымдардың көбі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған. Ол ұйымдар арқылы Вашингтон өзінің ықпалын сақтап қалуға тырысты. НАТО-да әскери үстемдік арқылы, БҰҰ мен басқа құрылымдарда қаржылық және саяси ықпал арқылы жетекші рөл атқарды. Бірақ Трамптың түсінігінде бұл жүйенің балансы Америка үшін тиімсіз болып кеткен. Сондықтан ол халықаралық ұйымдарды жиі сынайды және одақтастардан қорғанысқа көбірек ақша бөлуді талап етеді, – дейді Таир Нигманов.

Сарапшының сөзінше, Трамп НАТО-дан шығудан бұрын Еуропа елдеріне қысымды күшейтуге көбірек мүдделі.

АҚШ шынымен альянстан шыға ала ма?

Соңғы жылдары Трамп бірнеше рет НАТО туралы қатаң мәлімдемелер жасады. Ол кейбір одақтастарды қорғанысқа жеткілікті қаржы бөлмейді деп айыптап, «АҚШ бәрінің қауіпсіздігі үшін жалғыз төлемеуі керек» деген пікір айтты.

НАТО елдері 2014 жылы қорғанысқа ЖІӨ-нің кемінде 2 пайызын бөлу жөнінде келісім жасаған болатын. Бірақ көптеген мемлекет бұл межеге ұзақ уақыт жете алмады.

Осыны Трамп бірнеше рет сынға алды.

Таир Нигмановтың пікірінше, Вашингтон қысқа мерзімде альянстан толық шығып кетуі екіталай.

Егер АҚШ халықаралық ұйымдардан шығу саясатын жалғастырса да, НАТО – Америка ең соңында шығатын ұйымдардың бірі болады. Өйткені бұл ұйым АҚШ үшін стратегиялық маңызы өте жоғары құрылым. Сондықтан қысқа мерзімде Вашингтон альянстан кетеді деп айту қиын. Бірақ Трамп одақтастарына қысымды күшейте береді. Яғни олардан қорғанысқа көбірек қаржы бөлуді, өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті арттыруды талап етуі мүмкін, – дейді сарапшы.

Еуропа АҚШ-қа тәуелділікті азайтқысы келеді

Соңғы жылдары Еуропада да қауіпсіздік мәселесіне көзқарас өзгеріп келеді. Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін көптеген мемлекет әскери бюджеттерін ұлғайта бастады.

Германия, Польша, Франция және Балтық елдері қорғанысқа бөлінетін қаржыны көбейтіп жатыр. Кей сарапшылар мұны АҚШ-қа тәуелділікті азайту әрекеті деп бағалайды.

Өйткені Вашингтондағы саяси өзгерістер Еуропа үшін үлкен тәуекелге айналып отыр.

Егер АҚШ сыртқы саясаттағы басымдықтарын өзгертіп, Азия бағытына көбірек көңіл бөлсе, онда Еуропа өзінің қауіпсіздік архитектурасын қайта қарауға мәжбүр болуы мүмкін.

НАТО әлсірей ме?

Қазір сарапшылардың көбі НАТО-ның толық ыдырау ықтималдығын төмен бағалайды. Бірақ альянс ішіндегі пікір қайшылығы күшейіп келе жатқаны анық.

Бір жағынан, АҚШ шығынды азайтқысы келеді. Екінші жағынан, Еуропа Вашингтонның әскери қолдауын сақтап қалуға мүдделі.

Сондықтан алдағы жылдары НАТО-дағы басты тартыс ұйымның өмір сүру мәселесінде емес, оның ішінде кім қанша жауапкершілік көтеретіні төңірегінде өрбуі мүмкін.

Ал Дональд Трамптың қазіргі саясаты бұл пікірталасты одан әрі күшейтуі ықтимал.