Ауыл мектебіндегі балаларды тамақпен қамтып отырған Наталья Тамбовцева
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Наталья Тамбовцева – түрлі дақыл егу, қоқыс жинау, жұмыспен қамту сынды істі тындырып қана қоймай, ауыл мектебінің балаларын тамақпен қамтып отыр.
Бүгінде Қазақстанда ауыл тұрғындарының 52% ауыл әйелдері құрап отыр және олар қаладан алыс жатқан халық қоныстанған аймақтың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Біреуі туралы жарияға жар салса, біреуінің жетістігі жайында жақ ашылмай қалады. Әсіресе, шалғайдағы қайсар мінез қыздарымыздың еңбегі еленбей жатады.
Осыған байланысты елімізде «Жасыл» экономика және G-Global дамыту коалициясы ауыл әйелдерінің еңбек жолын насихаттап, өзгелерге мотивация болатындай шара ретінде былтырдан бастап «Ауыл әйелдерінің форумын» өткізіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл қатысушылар саны артқан. Сондай қатысушылардың бірі – Тамбовцева Наталья Викторовна.
Менің отбасымның жетістікке жетуі – мен үшін мәртебе. Өйткені отбасы маған бақыт, тыныштық сыйлайды, өмірімнің мәні. Барлығымыз жұмыла отырып, көптеген жеңіс пен жетістік қорын жинадық. Балалар бар болғанда өмірде жеңістер де көбейеді. Ұлым – Ұлттық зерттеу Томск мемлекеттік университетінің студенті. Нағыз жігіт болып өсіп жатқанына, өз ісіне жауап бере алатыны үшін оны мақтан тұтамын. Өзіме келер болсам, Басқару институтын бітірген соң экономика және қаржы бөлімінде 17 жыл мемлекеттік қызмет атқардым. Сол кезде жинаған үлкен тәжірибем мен біліктілігім бизнесімді жалғастыруға ықпал етті.
Форумда әйелдерге жасыл технологиялар мен органикалық ауыл шаруашылығын, ауылда жұмыспен қамтудың жолдарын енгізу арқылы жасыл экономиканы дамытуға септігін тигізеді.
Осыдан 5 жыл бұрын қолға алынған кәсіптің нәсібін отбасынан бөлек ауыл тұрғындары көріп отыр. Басында бір өнім алумен бастаған кәсіпорын бүгінде түрлі өнімді сатылымға шығарады.
2014 жылдан бері «Сандықтау-Агро» ЖШС директорымын. Бидай, арпаның жұмсақ және қатты сұрпын шығарамыз. 9752 га жерге нан егіп, игілікке жаратып отырмыз. Жер пайдалануға қызығушылықты жолдасым оятты. Ол – коммуналдық шаруашылықтың басшысы және ЖШС құрылтайшысы. Нан бизнесі үздіксіз еңбек пен жауапкершілікті қажет етеді. Бұдан бөлек көпжылдық өсімдіктерді, бұршақ дақылдарын өсіреміз. Жылдық егін көлемі 20 ц/га. Бірақ біз үшін шек емес, өсу үшін резерв бар. Ол үшін біз лизинг арқылы заманауи ауылшаруашылық техникасы мен жабдығын алдық. Бұршақ дақылын 2016 жылы еге бастадық. Болашақта майлы дақылдар егуді қолға алмақ ойымыз бар. Сөйтіп түрлі өнім түрін алғымыз келеді.
Ауыл әйелдерінің форумын елден бірқатар министрлікпен қатар, халықаралық серіктестер – Еуразия қайта құру және даму банкі, OBCE Нұр-Сұлтандағы кеңсесі қолдап отыр.
Айтуынша, істің алға басуы үшін жұмысшылардың көңілі тоқ болып, алаңдамай еңбек етуі үшін ыңғайландыру керек.
Бұлардың барлығын жақсы кадрсыз іске асыра алмаймыз. Сондықтан қызметкерлер ештеңеге алаңдамай жұмыс істеуі үшін, жұмысқа жақсы көңіл-күймен келу үшін жағдай жасаймыз. Жалақыдан бөлек үй шаруашылығын сырт қалдырмауы үшін төлем ретінде табиғи өнім береміз. Егін және терім науқанында үш мезгіл тамақ береміз. Жауапкершілігі шектеулі серіктестігімізде 50 адам жұмыс істейді.
Біз ести бермейтін игі істердің қатарына Наталья Викторовна басқарып отырған кәсіпорынның мектеп балаларын тамақпен қамтуын жатқызуға болады.
Ауылдың әлеуметтік жағына да көңіл бөлеміз. Кәсіпорын «Мектепке жол» акциясы аясында Новоромановка негізгі мектебінде 42 баланың жыл бойы тамағын төлеп, сумен қамтамасыз етеді, қыс кезінде жолдың ашық болуын қадағалап, ауылды көгалдандырамыз. ЖШС Новоромановка мектебінің бастауыш сыныптарына түгел оқулық алып берді. Себебі барлық ата-ана оқулық алып беруге шамасы келмейді. Бұдан бөлек көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, қарт кісілерге қайырымдылық ретінде көмек көрсетіп отырамыз. Мысалға, үйінде мүгедек баласы бар отбасыға 4 жыл қатарынан 800 мың теңгеге жем алып береміз. Бұдан бөлек оларды ауруханаға апарамын. Тек киім, аяқ киімін алып беріп қоймаймын, кей шығынын төлеймін.
2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарының №15 мақсаты – Құрлықтың экожүйелерін қорғау және қалпына келтіру, оларды оңтайлы пайдалануға жәрдемдесу, орманды тиімді пайдалану, шөлге айналуға қарсы күрес, жердің тозу үдерісін тоқтату, кері бұру және биологиялық алуан түрліліктен айырылу үдерісін тоқтату.
Бұл мақсаттың орындалуында ауылдық кәсіпкердің өзіндік үлесі бар. «Сандықтау-Агро» ЖШС 200 га жерге табиғи тыңайтқыш сепкен...
Биыл «Бірге – таза Қазақстан» акциясы аясында Сандықтау ауылдық округінің екі ауылын тазартуға 2,5 млн-нан астам теңге қаржы жұмсалды. Сондай-ақ, Новоромановка ауылында биыл құны 10 млн теңге болатын демалыс саябағы көгалдандырылды. Сандықтау және Новоромановка ауылдарының көшелері төселді. Тағы өткен жылдың соңында тұрғындарға қоқыстан органикалық тыңайтқыш пен басқа заттарды бөліп шығаруға шақырдық. Нәтижесі жаман емес. 200 га жерге табиғи тыңайтқыш себілді, аулалар қоқыстан тазартылды және ауылдықтардың қоқысты беталды шашып тастамай, сұрыптау мен жинауы үшін бастама жасадық.
«Жасыл» экономика және G-Global дамыту коалициясы №15 мақсат аясында серіктестермен бірге мына жобаларды іске асырды: 70 түп алма ағашымен «ЭКСПО бақ», 300 түп қарағай отырғызылған ЭКСПО аллея, ауылдық жерге ағаш отырғызып, қоқыстан тазартып, жол салып және т.б. көгалдандыру жұмыстарын жүргізіліп, G-GLOBAL саябағы салынды.
«Ауылды жасыл, көрікті, таза ету...» деген арманымен кейіпкеріміз бөлісті.
Арманым – Новоромановка ауылын көркейту. 90 жылдары ауылдың жағдайы өте қиын болды. Кей ауыл тарап кетті. Осындай қиындықтарды жеңе білген бұл ауылдың тұрғындары менің кәсіпорнымның ісін алға жылжытумен қатар, жақынымдай болып кетті. Табиғатының өзі қандай! Биік төбелер, орман бар. Ормандағы саңырауқұлақтар мен жидектерді көрсеңіз. Қаражидекке ең бай орман деп айтар едім. Қазақстанда тек осы жерде жайылып өседі. Ауылдың ар жағында кішкентай өзен ағып жатыр. 2016 жылы біздің кәсіпорын бөгет орнатты. Енді әрі қарай біздің бірлесе жұмыс істеуіміз арқылы ауыл бұдан көрікті болады деп сенемін. Бейбіт елде мүмкіндік көп. Бізге де сондай жағдай жасалып отыр. Сондықтан неліктен пайдаланбасқа?! Екі қолға күрек табылады. Ауылда тағы да көп жұмыс орнын ашып, қаладан жастар келіп, мүмкін болашақта жасыл, таза, жан-жақты дамыған қалаға айналармыз. Кім білсін...