31 Тамыз 2026, 00:27 Фото: depositphotos.com

NASA құны 4 млрд долларлық «Роман» телескопын ғарышқа ұшырды

Ғалымдар оның көмегімен мыңдаған жаңа экзопланета анықталуы мүмкін деп болжап отыр.

NASA 30 тамызда Nancy Grace Roman Space Telescope ғарыш обсерваториясын ұшырды. Құны шамамен 4 млрд доллар болатын телескоп Флоридадағы Кеннеди ғарыш орталығынан SpaceX компаниясының Falcon Heavy зымыранымен ғарышқа аттанды.

Reuters-тің хабарлауынша, «Роман» NASA-ның Хаббл мен Джеймс Уэббтен кейінгі жаңа флагмандық ғарыш обсерваториясы саналады. Негізгі миссиясы бес жылға жоспарланған. Телескоп Жерден шамамен 1,6 млн шақырым қашықтықтағы екінші Лагранж нүктесі – L2 маңында жұмыс істейді.

Обсерватория ғаламдағы қара материя мен қара энергияның табиғатын зерттеп, ғарыштың ауқымды үшөлшемді картасын жасауға көмектеседі. Негізгі зерттеу бағдарламасы барысында 2 млрд-тан астам галактиканы бақылау жоспарланған.

Сонымен қатар «Роман» Күн жүйесінен тыс планеталарды іздейді. Ғалымдар оның көмегімен мыңдаған жаңа экзопланета анықталуы мүмкін деп болжап отыр.

Телескоптың сезімталдығы мен ажыратымдылығы Хабблмен шамалас болғанымен, оның көру аумағы әлдеқайда кең. NASA мамандарының айтуынша, «Роман» Құс жолын шамамен бір айда шолып шыға алады, ал Хабблға осындай жұмысты орындау үшін шамамен бір ғасыр қажет болар еді.

Обсерваторияның тарихы да ерекше. Оның негізгі оптикалық жүйесі бастапқыда АҚШ-тың Ұлттық ғарыштық барлау басқармасына арналған бағдарлама үшін жасалған. Кейін жоба тоқтатылып, 2012 жылы телескоп NASA-ға беріліп, ғылыми зерттеулерге бейімделді.

Алдағы шамамен 90 күн ішінде мамандар телескопты іске қосып, ғылыми жұмыстарға дайындайды. Алғашқы жоғары ажыратымдылықтағы суреттерді 2026 жылдың соңына дейін алу жоспарланып отыр.