Бүгiн 2026, 12:05 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай - ЖИ

NASA Айға оралды, бірақ көздегені – Марс: Сарапшы миссияның мәнін түсіндірді 

Ұшу барысында кеме Айдың тартылыс күшін пайдаланып, кері бағытқа бұрылатын күрделі маневр орындайды. Сарапшылар мұны болашақта Айға қону миссияларының негізгі техникалық сынағы деп бағалап отыр.

2026 жылғы 6 сәуірдегі жағдай бойынша Artemis II миссиясы аясында Айға бағыт алған экипаж ұшудың ең жауапты кезеңіне жақындады. Жарты ғасырдан кейін адамзат алғаш рет табиғи серігіне қайта ұшып, бүгінгі күні Айдың тартылыс өрісіне толық енді. Қазіргі деректерге сәйкес, ғарыш кемесі Жерден жүздеген мың шақырым қашықтыққа ұзап, терең ғарыш аймағында жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Миссияны жүзеге асырып жатқан NASA мәліметінше, астронавтар мінген Orion ғарыш кемесі Айды айналып өтетін траекторияға шыққан. Бұл – экипаж Ай бетіне қонбай, оны толық айналып өтіп, Жерге қайтатын 10 күндік ұшудың негізгі кезеңі. Ұшу барысында кеме Айдың тартылыс күшін пайдаланып, кері бағытқа бұрылатын күрделі маневр орындайды. Сарапшылар мұны болашақта Айға қону миссияларының негізгі техникалық сынағы деп бағалап отыр.

Қазір экипаж Айдың арғы бетіне жақындап қалды. Бұл – миссияның ең күрделі әрі тәуекелі жоғары сәттерінің бірі. Себебі дәл осы аймақта Жермен байланыс уақытша үзіледі. Байланыс үзілген кезең бірнеше минуттан ондаған минутқа дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында барлық жүйе толық автономды режимде жұмыс істейді. Бұл – ғарыш техникасының сенімділігін тексеретін негізгі кезең.

Соған қарамастан, астронавтар тарихи кадрларды жіберіп үлгерді. Терең ғарыштан түсірілген Жердің толық көрінісі – көгілдір шар ретінде анық байқалады. NASA жариялаған мәліметтерге сәйкес, бұл суреттер Жердің ғарыштағы «жалғыздықтағы» көрінісін айқын көрсетеді. Сонымен қатар Айдың арғы бетінің кратерге толы бедері де анық түсірілген. Бұл аймақ бұрын тек автоматты аппараттар арқылы зерттелсе, енді оны экипаж өз көзімен бақылап отыр. Ерекше назар аудартқан кадрлардың бірі – Ай көкжиегінен «көтерілген» Жер көрінісі. Бұл классикалық «Earthrise» композициясының жаңа нұсқасы ретінде бағалануда.

Миссия барысында тек визуалды бақылау ғана емес, жаңа буындағы технологиялар да толық сынақтан өтуде. Атап айтқанда, кеменің навигациялық жүйелері, радиобайланыс арналары, жылу қорғау қабаты және экипаждың өмірін қамтамасыз ететін жүйелер тексеріліп жатыр. Сонымен қатар ғарышкерлердің ағзасына әсер ететін факторлар – радиация, ұзақ уақыттық салмақсыздық және психологиялық жүктеме зерттелуде. Бұл деректер кейінгі Ай және Марс миссиялары үшін шешуші рөл атқарады.

Осыған қатысты астроном Артур Гайдук бұл миссияның ғылыми сенсациядан гөрі технологиялық сынақ екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі ұшу форматы тарихта бұрын болғанымен, технологиялық деңгей мүлде өзгеше.

спикердің жеке мұрағатынан

Бұл миссия адамға Айдың арғы бетін алғаш рет көруге мүмкіндік беріп отырған жоқ. 1969–1972 жылдары да осындай миссиялар болған. Сол кезде де астронавтар Айды бақылаған. Жалпы, адамның көзімен Айдың арғы бетін алғаш рет көруі Apollo 8 миссиясы кезінде жүзеге асқан. Ол да Айға жақындап, оны айналып ұшып, Жерге қайта оралған. Бұл қазіргі Artemis II миссиясымен мазмұны жағынан өте ұқсас, – дейді сарапшы. 

Алайда қазіргі миссияның басты айырмашылығы – жаңа технологияларда. Сарапшының айтуынша, бұл – күрделі инженерлік жүйелердің толық тексерісі.

Бұл миссия – кезең-кезеңімен сынақ жүргізу. Яғни Айды айналып ұшу, жаңа ғарыш кемесінің барлық жүйесін тексеру. Мұндай қашықтыққа ұшып барып, маневр жасап, қайта оралатын ғарыш кемесі – өте күрделі технология. Ол 50 жыл бұрынғы "Аполлон" кемелерінен айтарлықтай ерекшеленеді. Себебі қазіргі технологиялар, компьютерлер, жабдықтар мүлде басқа деңгейде, – деді ол. 

Сарапшы Artemis бағдарламасының стратегиялық бағытына да назар аударды. Қазіргі миссия тек Аймен шектелмейді, ол әлдеқайда ауқымды мақсаттың бір бөлігі.

Artemis бағдарламасы – ұзақ мерзімді жоба. Ол Ай арқылы Марсқа жетуді көздейді. Ай болашақта аралық базаға айналуы мүмкін. Себебі Айдың тартылыс күші Жерге қарағанда әлдеқайда төмен. Сондықтан одан әрі ғарышқа ұшу тиімдірек болады, – дейді Гайдук. 

Марсқа ұшу мәселесіне тоқталған ол бұл бағытта асығыстық болмайтынын айтты.

Адамзат Марсқа жақын арада жете қоймайды. Менің ойымша, бұл 2040 жылдарға қарай жүзеге асуы мүмкін. Бұл – кезең-кезеңімен іске асатын ұзақ процесс. Оған технологиялық, экономикалық және геосаяси факторлар әсер етеді, – деді сарапшы. 

Айды игеру мәселесінде де нақты уақыттық шектеулер бар.

2028 жылға қарай Айда тұрақты база болады деу дұрыс емес. Бұл уақытта тек адамды қайта қондыру жоспарланып отыр. Ал тұрақты базалар 2030–2040 жылдары ғана пайда болуы мүмкін, – деді ол. 

Астроном сондай-ақ Қазақстанның ғарыш саласындағы орнына да тоқталды. Оның айтуынша, ел жаһандық Ай бағдарламаларына тікелей қатыспағанымен, инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары.

Қазақстан – ғарыш державасы. Бізде спутниктер бар, Байқоңыр ғарыш айлағы бар. Ол әлі де маңызды нысан болып қала береді. Болашақта Қазақстан өз зымырандарын ұшыру мүмкіндігіне де ие болуы ықтимал, – дейді ол. 

Жалпы алғанда, Artemis бағдарламасы тек ғылыми емес, технологиялық серпіліс әкелетін жоба ретінде қарастырылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, ғарыш саласындағы әрбір ілгерілеу жердегі технологиялардың дамуына да тікелей әсер етеді.

Ғарышты игеру адамзатқа көптеген технологиялық жаңалық әкелді. Бүгінде қолданылып жүрген көптеген технологиялар осы ғарыш саласының дамуының нәтижесі. Сондықтан Ай болашақта тек ғылыми емес, ресурстық база ретінде де қарастырылып отыр, – дейді сарапшы. 

Еске салайық, соңғы рет адам Айға Apollo бағдарламасы аясында 1972 жылы барған еді. Содан бері адамзат тек автоматты аппараттар арқылы зерттеу жүргізіп келді. Ал Artemis II – жаңа ғарыш дәуірінің басталғанын көрсететін нақты қадам.

Қазіргі мәліметтерге сәйкес, миссия жоспарға сай жалғасып жатыр. Алдағы күндері экипаж Айды толық айналып өтіп, Жерге қайту траекториясына түседі. Бұл – адамзаттың Айға қайта оралуының символы ғана емес, оны жүйелі түрде игеруге бағытталған ұзақмерзімді стратегияның басталғанын білдіреді.