Нарынқолда денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы, Райымбек ауданының орталығы Нарынқолда спорттық кешеннің ашылу салтанаты өтті. 

Ашылу рәсіміне Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаев, Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов, ережесіз жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров пен спорт ардагері Бекболат Бирбаев қатысты. 

Арслан Далабаевтың айтуынша, Жетісу жерінде бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінуде.

Биылғы жыл біздің еліміз үшін өте маңызды-тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Осы жылдар аралығында көлемді істер атқарылды. Бұл ретте біздің Алматы облысында жылдан жылға халықтың әл-ауқаты жақсарып, барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымызға қойған міндеттеріне сәйкес, мемлекеттік қолдаудың, қажырлы еңбектің және халық бірлігінің арқасында біз барлық салада тұрақты дамуды жалғастырып келеміз. Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Райымбек және Кеген аудандары қайта құрылды. Осыған байланысты аудан орталығында әкімшілік ғимараттарды салу, жөндеу жұмыстары басталды, жаңа тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді. Қысқа уақыт ішінде үлкен жұмыс жасалды. Мұның бәрі ел үшін, болашақ ұрпақ үшін жасалады,-деді ол. 

Әкімнің орынбасары сонымен қатар облыста жыл сайын мерейтойлық іс-шаралар өткізіліп тұратынын, ол үрдіс биыл да жалғасатынын жеткізді. 


Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Талдықорғанның 20 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған түрлі мәдени-бұқаралық іс-шаралар жоспарлы түрде өткізілуде. Спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде өңірде 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Бұл кешен он екінші болды. Сіздерді дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуымен құттықтаймыз, - деді ол.

Су жаңа ғимарат ішінде бокс, күрес, футбол, жаттығу залдары мен стадион бар. Сондай-ақ, медициналық көмек және массаж кабинеті,  әкімшілік үй-жайлары, киіну бөлмесі мен буфет және вестибюль орналасқан. 

Командалық ойындар залы волейбол, баскетбол, гандбол, мини-футбол, бадминтон, тенниске арналған. Спорт кешенінде көрермен трибунасы 180 орынға есептелген.

Бұл спорт кешенінде тек балалар мен жасөспірімдер ғана емес, мемлекеттік қызметкерлерден бастап зейнеткерлерге дейінгі барлық ауыл тұрғындары да айналыса алады. Осы аймақтан көптеген спортшылар шықты. Мысалы, еркін күрестен Руслан Жұмабеков, Ардақ Назаров, Бейбіт Назаров, Жасұлан Қыдырбаев та Райымбек ауданының тумалары. Осындай заманауи спорт кешенінен әлемдік жарыстарда Олимпиада шыңдарын бағындыратын спортшылар шығады деп үміттенеміз, - дейді Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы