Нарықтағы бәсекелестіктің дамуына не кедергі болып отырғаны айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өтіп жатқан VII Еуразиялық антимонополия форумында нарықтағы бәсекелестікке не кедергі келтіріп отырғаны сөз етілді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин ел нарығындағы бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіріп отырған үш тетікті айтты.

Біріншіден, негізгі қуатқа қол жеткізе алмау. Бұл дегеніміз инфрақұрылым, нысан немесе ресурс. Оған қол жеткізе алмаған бәсекелестер өз қызметтерін ұсына алмайды немесе дамымайды. Екіншісі, бағаның бұрмалануы. Кәсіпкерлер кодексінің 116-бабында бағаны реттеудің 14 түрі көрсетілген, оған қоса бағаны реттеудің жанама түрлері қарастырылған. Бұның барлығы өз кедергісін келтіріп жатыр. Үшіншіден, таңдаулы фавориттерді жақтау деген бар. Бұл дегеніміз мемлекеттік қолдау шараларын теңдей бөлмеу. Сондай-ақ, мемлекеттік және жеке меншік бірыңғай операторлардың құрылуының барлығы бәсекелестікке кедергі болып отыр, - деді Жұманғарин. 
Сондай-ақ ол бұл олқылықтарды шешу шаралары қолға алынып, заң жобасы қаралып жатқанын жеткізді. 

Жиынға қатысушылар тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін бағалаудың және тергеу жүргізудің жаңа тәсілдерін, трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік бұзылған кезде нарық субъектілерінің өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мүмкіндіктерін, бәсекелестер арасындағы дауларды шешу практикасын, нарық субъектілерінің мүдделерін қорғаудың практикалық мәселелерін және басқа да өзекті кейстерін талқылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы