Нартай Аралбайұлы еден жуушы, вахтер, аспаздың жалақысын көтеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында еліміздегі жалақы теңсіздігін зерделеп, жұмысшылардың айлығын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Білім беру ұйымдарындағы еден жуушы, аула сыпырушы, вахтер, кір жуғыш машинаның операторы, аспаз, жүргізуші, электрик сынды мамандар мен техникалық персоналдың жалақысы өте аз. Айлығы шайлығынан артылмайтын азаматтар қарызданып, қауғаланып өмір сүруге мәжбүр, - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, білім беру ұйымдарындағы техникалық персонал қызметкерлерінің жалақысы 2024 жылы 71%-ға, 2025 жылы 100%-ға өседі деген ресми мәлімет бар. Бірақ соның өзінде аталған азаматтардың айлығы еліміздегі орташа жалақы тұрмақ медианалық жалақы деңгейіне жетпейді.

Бұл әлеуметтік әділетсіздік, соны жойып жұмысшылардың жалақысын көтеру керек және басқа да бюджеттік мекемелердегі жалақы теңсіздігі зерделенсін. Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен және Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, жұмысшы санатындағы техникалық қызметшілерге еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысын қосу мүмкіндігін қарастырып, республикалық бюджеттен шығындарды есептесін, - деп ұсынды Нартай Аралбайұлы.

Депутат биылды Мемлекет басшысы "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялағанын еске салды.

Мен жіпке тізген мамандар жұмысшы мамандық емей немене? Ендеше олардың жалақысын биыл көтермегенде қашан көтереміз? – деп сұрады мәжілісмен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы