Нартай Аралбайұлы 20 мың теңге төлеп, Мақатаев өлеңінің авторы атанған
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы 20 мың теңге төлеп, Ж.Нәжімеденов пен М.Мақатаевтың бір-бір өлеңінің авторы атанған. Бұл туралы депутат Мәжілісте креативті индустрияны дамыту мәселелерін талқылағанда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зияткерлік меншік құқығын қорғауда да үлкен проблемалар бар. Өйткені біз креаторларды тізімге қосып алғанға мәзбіз, бірақ олардың авторлық құқығын қорғауға келгенде ешкім бас ауыртқысы келмейді. Креаторлар адвокат жалдап, сан соғып жүруге мәжбүр. Біздің елімізде 15-16 авторлық қоғам бар. Олардың жұмысына қатысты да көптеген сын бар. Авторлық қоғамға адамдардың шығармашылығын тұтынғаны үшін түсетін ақшаның 70%-ын қоғам өзі алып қалады, ал қалған 30%-ын авторға береді, - дейді депутат.
Нартай Аралбайұлы 2010 жылы журналист болып жүргенде авторлық қоғамның біріне барып, журналистік зерттеу жүргізгенін айтты. Ол сол кездегі тәжірибесімен бөлісті.
Сол кезде бір авторлық қоғамға барып, 20 мың теңге төлеп, Ж.Нәжімеденов пен М.Мақатаевтың бір-бір өлеңінің авторы атанған азаматтың бірімін. Олар “кассаға төлеңіз, авторлық құқық береміз” деді. Ешкім тексеріп жатқан жоқ, - деп айтты ол.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы креативті индустрия арқылы қыруар қаржы табуға болатынын, бірақ елімізде бұл сала дамымай отырғанын айтты.