Наркологиялық анықтаманы тек қауіпті салаларға қалдыру ұсынылды
Еңбекмині шектеулерді қайта қарауды ұсынды.
Қазақстанда наркологиялық есеп туралы анықтаманы барлық мамандық үшін талап ету тәжірибесін қайта қарау қажет. Бұл туралы көшпелі отырыста ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты комитет төрағасы Илья Скуб мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі жүйе тәуелділігі бар азаматтардың жұмысқа орналасуын күрделендіріп отыр.
Мүмкін, бұл анықтаманы тек белгілі бір қауіпті мамандықтар үшін ғана талап ету керек шығар. Мысалы, күзет қызметі, балалармен жұмыс істеу сияқты салаларда. Ал қалған жұмыс түрлері үшін мұндай талаптарды жеңілдеткен дұрыс, – деді ол.
Скубтың сөзінше, жұмыс берушілер көбіне адамды наркологиялық есепте тұр деп көрсе, оны бірден сенімсіз қызметкер ретінде қабылдайды.
Кейде адамды тек есепте тұр деп көріп, оны ұрлық жасайды, жұмыс істей алмайды деп ойлайды. Тіпті қарапайым жұмысқа да алмайтын жағдайлар бар, – деді комитет төрағасы.
Ол осыған байланысты мамандықтар тізімін қайта қарап, тек нақты қауіп бар салаларға ғана мұндай анықтама талап етуді заңмен бекіту қажет екенін атап өтті.
Мұндай өзгерістер тәуелділіктен емделген азаматтардың еңбек нарығына қайта оралуына мүмкіндік беріп, олардың әлеуметтік бейімделуін жақсартуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 1,8 млн адам тұрақты түрде құмар ойын ойнайтыны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
“Есепке тұрсаң, жұмыссыз қаласың”: Аймағамбетов наркологиядағы шындықты айтты