Нәрестенің мұрын-ауыз айналасы неліктен көгеріп тұрады? Дәрігер жауап берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нәрестелердегі мұрын ауыз айналасының көгеруі - бұл аналарды алаңдататын жағдай, көбінесе осы мәселемен аналар дәрігерге шағымданып жатады, дейді алматылық дәрігер педиатр Жайна Батырханқызы.
Ол оның бірнеше себебін атады.
Көгеру физиологиялық жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Нәрестелерде мұрын ауыз айналасында майда артерия және вена қантамырлары көптеп шоғырланып орналасқан және де нәресте терісі ересектерге қарағанда жұқа болғандықтан, тері сыртына қан тамырлары анық көрініп тұрғандықтан, мұрын ауыз айналасына көкшіл түс беріп тұрады. Сонымен қатар ол баланың жылауы кезінде пайда болуы - жаңа туған нәрестелердегі өкпе жүйесінің ерекшелігіне байланысты. Бала жылаған кезде ағзасында оттегінің деңгейі төмендейді, соның әсерінен капиллярлар кеңейеді, сондықтан жұқа тері арқылы айқын көрінеді. Медицинада бұл құбылыс өкпе цианозы деп аталады және денсаулыққа ешқандай қауіп төндірмейді. Ол нәресте тынышталған кезде жоғалады. Бала өсіп, өкпенің жұмысы жақсарған кезде бұл симптом жоғалады, - дейді дәрігер.
Жайна Батырханқызының айтуынша, ауыз айналасындағы көгеру емізу кезінде пайда болады.
Бұл кезде балалар емуге күш жұмсайтын болғандықтан, тері бетіне жақын капиллярлар байқалады. Еміп болғаннан кейін көгеру бірден жоғалады. Сондай-ақ ауа температурасының төмендеуі және салқындық та әсер етеді. Бала жатқан бөлменің температурасы төмен болса, бала денесінің кейбір бөлігі, оның ішінде ауыз мұрын үшбұрышы көк түске боялуы мүмкін. Бұл баланың денесінің жылу алмасу жүйесінің жетілмегендігімен байланысты. Бала жылынғаннан кейін тері табиғи түске ие болады, - деп түсіндірді ол.
Бұл ретте педиатр ауыз мұрын үшбұрышындағы терінің көгеруі патологиялық жағдайларға байланысты болуы мүмкін екенін айтты.
Тыныс алу жүйесінің аурулары болса, мысалы бронхит, пневмония, ЖРВИ, астма т.б. Яғни ауа алмасудың бұзылуына әкелетін аурулар жатады. Бірақ көгерумен бірге бұл аурулардың басқа да белгілері болуы керек (температура, мұрыннан су ағу, ұзаққа созылған құрғақ жөтел). Бұдан бөлек баланың тыныс алу жолдарына бөгде зат тұрып қалған болуы мүмкін. Бұл кішкентай балалар арасында ең жиі кездесетін себеп. Бұндай жағдайда бала қатты жөтеліп, көгеріп, тыныс алуға қиналады. Бұл жағдайда балаға дереу алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақыру керек. Мұрын айналасының көгеруіне жүрек-қантамыр ақаулары да әсер етуі ықтимал. Бұндай балалардың ернімен қоса тілі де көгеріп, бала көп ентіге беретін болады. Диагнозды анықтау үшін УДЗ жүргізіп, кардиологқа қаралу қажет. Сонымен қатар неврологиялық аурулар да бұндай патологияға себеп болуы мүмкін. Бұл шала немесе гипоксиямен туған балаларда жиі кездеседі. Түрлі анемиялар да осы дертті білдіруі мүмкін, - деп атап өтті ол.
Бала дәрігерінің айтуынша, егер жергілікті дәрігер баладан ешқандай патологиялық жағдай көрмесе, бірақ балаңыздың ауыз-мұрын үшбұрышы көгеріп тұратын болса, онда уайымдауға негіз жоқ дейді. Бұл жағдайда тек балаңызды таза ауада көбірек серуендетіңіз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстандық 500 түлектің ҰБТ нәтижесі жойылды
Өзгелердің жаңалығы