Нәрестені бөтелкемен тамақтандырады: Елордалық дәрігерлер ковид орталығындағы жағдайды көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық жұқпалы аурулар орталығының медицина қызметкерлері науқастарды емдеу барысында түсірілген видеолармен бөлісті. Кадрларда түрлі аппараттардың астында жатқан балаларды байқауға болады, деп жазды қала әкімдігінің ресми сайты.

Сол сияқты дәрігерлердің арнайы қорғаныс костюмдерін киіп, нәрестені қалай тамақтандырып жатқанын көруге болады. Нәресте реанимацияда жатқандықтан («қызыл аймақта») оған тек аурухана дәрігерлерінің кіруіне ғана рұқсат беріледі.

Нұр-Сұлтанда соңғы айларда стационарда ем қабылдап жатқан науқастар саны 30 еседен астам өсті. Сонымен қатар, вирус балалар арасында да тез таралады. Осы себепті реанимацияға түсетіндер көрсеткіші артты.

Дәрігерлер кезекті рет вирустың қауіптілігіне сенуге шақырды.

Қазір біздің ауруханада 200-ден астам науқас жатыр. Жаңа туған нәрестеден 18 жасқа дейін. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына адам көп жиналатын орындарға бармауға, жеке гигиенаны қатаң сақтауға шақырамын. Ауру белгілері білінген жағдайда дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Медициналық көмек алғаннан кейін, қажет болған жағдайда үйде емделу қажет. Өзіңізді қорғаңыз. Қазір оқушыларды Pfizer препаратымен вакцинациялау басталғанын айтқым келеді. Сондықтан аурудың алдын алудың бір ғана әдісі бар – вакцинация. Екпе алмағандарды вакцинадан өтуге шақырамын. Ревакцинациядан өту маңызды, - дейді №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының дәрігері, бөлім меңгерушісі Жанар Самбетқызы.

Сондай-ақ, кадрдан үлкен кісілердің де емделіп жатқанын байқауға болады. Аурудың ауыр ағымы бар науқастар тыныс алу жүйесінің қосалқы аппараттарына қосылады. Дәрігерлер індеттің күшею себебін жаңа жылдық мерекелермен және «омикрон» штамының пайда болуымен байланыстырып отыр.

Жаңа жылдан кейін бүкіл ел бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт өсті. Күн сайын мыңдаған адам жедел медициналық көмекке жүгінеді, жүздеген адам тәулігіне ауруханаға жатқызылады. Тек вакцинация бізді пандемиядан құтқара алады!, - деп сөзін аяқтады жоғары санатты дәрігер-ирнфекционист Сәуле Атығаева.

Қалада ашылған 2 200 төсектің 876-сы ғана бос. ӨЖЖ аппаратына 17 пациент қосылған. Сондай-ақ, КВИ-мен амбулаториялық деңгейде емделетін тұрғындар бар, олардың саны қала бойынша 33 мыңнан асады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы