“Наразылық бізге түсінікті”. Алматыда лық толы автобустар мәселесі қалай шешіледі
Алматыдағы лық толы автобустар мен қоғамдық көлікту ұзақ күту мәселесі қалай шешіледі, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қиындықтар тек қолайсыз ауа райында ғана емес, күнделікті сезіледі. Жолаушылар әсіресе қарбалас уақыттарда лық толы автобустарға наразы.
Кейбір бағыттар өте жиі жүреді, 10-15 минут сайын келеді. Ал кейбірін жарты сағаттап күтесің, – дейді қала тұрғындары.
Мамандар кептелістер мәселесін шешу үшін ақылы кіру жүйесін енгізу және қоғамдық көліктің дифференциалды жұмыс кестесін қолдану қажет деп санайды.
Қарбалас сағаттарға арнап кестелер жасаса жақсы болады. Күндіз жеке көліктер, курьерлік қызметтер жүреді ғой. Ал кешке, керісінше, қоғамдық көлік бағытын күшейту керек. Сонда халықтың жиналып қалуы болмайды, автобустар уақытында келеді, – дейді “Жалпы жол” жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуов.
Әкімдіктің мәліметінше, күн сайын қала жолына 2900-ден астам автобус шығады. Тағы шамамен 600-і резервте тұр. Көлік қозғалысы онлайн режимде бақыланады. Сала басқармасы мәселені мойындап, оны қалай шешетінін айтты.
Адамдардың наразылығы бізге түсінікті. Кептелістер, жол жөндеу жұмыстары сияқты факторлар қоғамдық көліктің уақытылы жүруіне айтарлықтай әсер етеді. Біз белгілі бір бағыттарға сұранысты ескере отырып талдау жасаймыз. Қосымша автобустарды кезең-кезеңімен енгіземіз, – деді Жол қозғалысын және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру басқармасы бөлімінің басшысы Азамат Ешанкұл.
Оқу жылы басталғалы метроны есептемегенде, қоғамдық көлікпен тәулігіне 1,5 млн-нан астам сапар жасалаған. Қала әкімдігі жыл соңына дейін тағы 600 газбен жүретін автобус сатып алуды жоспарлап отыр.