Наразылық акциялары қаңтар айынан бері тоқтаған жоқ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин Премьер-министр Әлихан Смаиловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Ол Президент Жолдауда айтқан жергілікті биліктің тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешуге қабілеті жетпей жататыны жөніндегі ескертпесін негізге алып, жергілікті өңірлердегі басқару тәсілдері әлі күнге дейін сол ескі сүрлеумен келе жатқанын алға тартты.
Қаңтар айынан бері еліміздің әр түкпірінде наразылық акциялары әлі тоқтаған емес және кейбір азаматтарымыз еліміздің астанасына дейін келіп, өз мәселелерін Парламент пен министрліктердің алдына қойып жүр. Көтеріп жүрген сұрақтадың басым көпшілігі жергілікті мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының шешетін мәселелері, - деді ол.
Депутат қаржылық алаяқтық, экологиялық проблемалар, азаматтардың тұрғын үй мәселесі, тамақ бағасының күннен-күнге өсуі, ауыз сумен қамту, жеке коллекторлардың бассыздығы, төменгі деңгейдегі сот шешімдерінің әділетсіздігі, тиісті инфрақұрылымның жоқтығы сияқты мәселелерді айтып, ең негізгісін атады.
Бүгінгі таңда ең өзекті болып отырған мәселелер – тұрғындарды жұмыспен қамту және ұжымдардағы еңбек даулары, оның ішінде жалақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігі және басқа да мәселелерге қатысты акциялар. Бірнеше ай болды мұндай наразылықтар Маңғыстау облысының көптеген жауапкершілігі шектеулі серіктестерінде орын алып отыр. Мұндай жағдай еліміздің басқа қалалары мен облыстарында да ауық-ауық көрініп қалып жүр. Бірақ әлі күнге дейін жергілікті билік тарапынан нақты шешімдерді көре алмай отырмыз, - деді Жаңбыршин.
Ол сондай-ақ депутаттық сауалында өңірлерде азаматтардың көтерген мәселелерінің дер кезінде шешілмеуі, елдегі қоғамдық-саяси тұрақсыздыққа әкелетінін алға тартып, Әлихан Смаиловқа төмендегі талап-ұсыныстарын айтты.
Бірінші. Маңғыстаудағы еңбек дауларын реттеу мақсатында Үкімет тарапынан құрылған комиссия, болып жатқан жағдайларды әлі де толық зерттеп, азаматтардың көтеріп отырған сұрақтарын шешу үшін нақты шешімдер қабылдасын.
Екінші. Меншік түріне қарамастан жер қойнауының байлығын өндіруші және оларға қызмет көрсететін сервисік компаниялардың мамандары мен қызметкерлерінің еңбек өтілі, жұмыс жағдайы, разряды және басқа да нормаларға сәйкес жалақыларын бірыңғай тарифтік шкала жасақтау мүмкіндігі қарастырылсын.
Үшінші. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелер конкурстық құжаттарда жұмыстарды атқаруға жұмсалатын жалақылардың деңгейлерін қарастыру қажет және мердігер компанияларда еңбек ақылардың төлену шарттарын қадағалауға алсын.
Төртінші. Жаңа жұмыс орындарын ашу үшін барлық жер қойнауын пайдаланушы және ірі компаниялардың импорттық тауарларының тізімін Үкімет толық анықтап, сол тауарларды өзімізде өндіретін нақты жобаларды іске асыруды қолға алсын. Өңірлердегі ірі компаниялардың импорттық тауарларын өндіруді максималды түрде сол өңірдегі орта және шағын бизнес субъектілері арқылы оқшауласын. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмысты Үкімет ай сайын мониторинг жасау керек. Облыс әкімдері жұмысының басты көрсеткіші ретінде импортты алмастыруды бекіткен жөн.