Нан қалдықтары: Қоқыс әлде пайдалы шикізат па?

БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының есебіне сәйкес, 2022 жылы 1,05 миллиард тонна тамақ қалдығы тасталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ал әлемде болса 783 миллион адам аштыққа ұшырап отыр. Ресми мәліметтерге сәйкес тасталған тамақ қалдықтары әлемдік экономикаға зиянын тигізіп, климаттың өзгеруіне, табиғи ортаның жойылуына және ластануына әсер етіп жатыр.

Қазақта «ас атасы – нан», «нанды жерге тастама, обал болады», «нанды баспа» «нанның үстіне зат қойма», «нанды төңкерме», «нанды бір қолмен үзбе» деген сөздің барлығы нанның қадір-қасиетін ұғындырады. Бірақ қазіргі кезде «обал боладының» мәнін жете түсініп жүрміз бе?

Әрине, қалалық ортада тамақ қалдықтарын тастау мәселесі өзекті. Сондықтан нан қалдықтарын жиі қоқыста жатқанын байқаймыз. Ауылды жерде нан қалдықтарын малға, үйрек-тауыққа беруге болса, қалада кәдеге жарату қиынырақ.

Нан қалдықтарына арналған контейнерлер Алматы қаласының Әуезов ауданында 2021 жылдың көктемінде орнатылды. Бұл қала үшін маңызды әлеуметтік жоба болды.

Іске аспай қалған жоба

Нан қалдықтарын ауыл шаруашылығында азық ретінде пайдалануға болады. Нан қалдықтары кенеулі заттарға толы қорек. 100 г ақ нанның құрамында шамамен 250 килокалория бар, демек фермерлер арасында мұндай шикізатты сатып алушы іздемей-ақ табылады. Мәселен, қазіргі кезде бидай, арпа, сұлының 1 келіге бағасы орта есеппен 100-150 теңге.

Бұл жоба жеке кәсіпкердің бастамасымен, аудандық әкімдіктің қолдауымен іске асырылды. Нан қалдықтары арнайы контейнерлерге жиналып, кейін арнайы цехте түйіршіктеліп, малға қосымша қорек ретінде сатылды. Бірақ небәрі 1,5 жылға жетпей жоба тоқтап қалды. Орнатылған контейнерлер кенеттен жоғалып кетті, ал қалғандары мақсатсыз пайдаланылды.

Жоба жайын анықтау үшін «Алматбасжоспар» ҒЗИ Q-lab әлеуметтік жоблау бөлімі Әуезов ауданы әкімдігіне ресми сұраумен жүгінді.

Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша әлеуметтік жобаны жүргізген «LOCAL» ЖШС ауыр қаржылық жағдайға және мамандандырылған техниканың тозуына байланысты өз қызметін тоқтатқан. Компания жұмысын жалғастырса, контейнерлер қосымша орнатылатын болады, - деп жазды әкімдік өкілдері.

Өңірлердегі ахуал

Нан қалдықтарын жинау басқа өңірлерде де өзекті мәселе. Нанға арналған арнайы контейнерлер Атырау қаласында 2022 жылы орнатылды. Жоба әкімдік тарапынан қолдау тапты, оны жас кәсіпкер Арман Сағынбаев қолға алды, қала бойынша 50 контейнер орнатылды. Алайда өңірде көптеген шаруа қожалығына пайда әкелетін идея ұрлық салдарынаніске аспай қалды. Оның үстіне қалалықтар нанға арналған контейнерлерге өзге де тұрмыстық қалдықтарды тастаған. Барлығын сұрыптау уақыт пен ресурсты қажет етті. Былтыр Ақтөбеде де осындай жоба қолға алынған, нәтижесі әзірге белгісіз.

Сарапшылардың пікірінше, өңір-өңірде палигондардың астында қалмау үшін қоқысты жинау ретке келтіріп, айыппұлдар енгізу керек. Мәселен ауқымы мен тұрғыны көп Алматыда қоқысты сұрыптайтын, өңдейтін зауыт әлі жоқ.

Сәулетші және өнеркәсіптік дизайнер Айдар Ерғалидің айтуынша, қоқысты қайта өңдеу, тұрмыстық және өндірістік ағынды суларды тазарту, энергия тиімділігі, суды үнемдеу қазіргі заманғы, өркениетті қаланың мәдениеті мен дамуының белгісі.

Менің ойымша, тұрмыстық қалдықтардың ішінде проблема туғызатыны органикалық бөлігі. Халықты қоқысты сұрыптау жинауға үйрету керек. Бұл бағытта тәртіп орнауы үшін қатаң шаралар қолданбаса болмайды. Мысалы талапты қатаңдатып, айыппұл салынған соң көлікте қауіпсіздік белдеуін тағып жүруді үйрендік қой. Органикалық қалдықтарды дұрыс жинап, оны биоөңдеуге (өңдеудің түр-түрі бар әрі табысты бизнес) жіберген соң ғана сұрыптаудан бастап қайталама қолдануға дейін қалған технологиялық тізбек іске қосылады. Содан кейін ғана ең соңында түкке жарамайтын қалдықтар гидролизді пештерге өртеуге жіберіледі, - дейді Айдар Ерғали.

Басқа елдер тамақ қалдықтарын қалай игереді

Q-lab әлеуметтік жобалау бөлімі органикалық қалдықтарды жинаудағы басқа елдердегі ахуалға шолу жасады. Көптеген ел органикалық қалдықтарды кәдеге жаратуға, соның ішінде нанды қайта өңдеуге тырысады. Мәселен Ұлыбританиядағы ToastAle сыра қайнату компаниясы ашытқы жасау үшін ескі нанды пайдаланады. Тағы бір компания FeedBack қайырымдылық ұйымы тамақ қалдықтарын азайтумен айналысады. Бұл компаниялар ескірген нанды жинау үшін наубайханалар және супермаркеттермен серіктестік орнатқан. Бұл жоба тамақ қалдықтарын азайтып қана қоймай, сонымен қатар тағамды шамадан тыс тұтынумен кәдеге жарату мәселесіне назар аударады.

Францияда «нан» операциясы жұмыс істейді. Бастама дүкендер мен наубайханалардан нан қалдықтарын жинауға бағытталған. Жиналған нан мал азығына өңделеді немесе биогаз жасау үшін қолданылады. Бұл шара тамақ қалдықтарын жоюдың тұрақты әдісі және полигондардағы қоқыс көлемін азайтуға көмектеседі. Италиядағы Pane Quotidiano қайырымдылық ұйымы супермаркеттермен наубайханалардан артық нанмен басқа да азық-түлік өнімдерін жинап, оларды аз қамтылған отбасылар мен үйсіздерге таратады. Бұл ұйым жүз жылдан астам уақыт бойы мұқтаж жандарға тегін тамақ беріп келеді.

FoodCloud – супермаркеттер мен азық-түлік дүкендерін азық-түлікке мұқтаж қайырымдылық ұйымдарымен байланыстыратын ирландиялық платформа. Жеуге жарамды нан қалдықтарымен басқа да өнімдер қайырымдылыққа беріледі. Olio халықаралық қозғалысы пайдаланушыларға артық тамақ, соның ішінде нанды көрші-колаң және жергілікті қауымдастықтармен бөлісуге мүмкіндік беретін мобильді қолданба. Too Good To Go еуропалық қолдаңба – пайдаланушыларға мейрамхана, дүкендерден артық тағамды арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Оның ішінде күні бойы сатылмаған нан өнімдері де бар. Әлеуметтік бастама тамақты қоқысқа тастамай, кадеге жаратуға және тұтынушыларға жаңа өнімдерді қол жетімді бағамен алуға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде кез келген қала үшін органикалық қалдықтар ең өзекті проблема. Полигондардағы нан қалдықтарын азайту туралы ақпаратты таратудың ең жақсы тәсілдерінің бірі – онлайнп латформалар. Қайта өңдеуді оңай әрі ашық ету үшін адамдарды жергілікті ұйымдармен байланыстыратын мобильді қосымшалар тиімділікті көрсетіп отыр. Біздің қалаларға да осындай цифрлық платформа керек, - дейді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ ғылым жөніндегі директоры Бауыржан Ташметов.

Органикалық қоқысты сұрыптау – қалдықтарды басқару және оның қоршаған ортаға әсерін азайтудағы маңызды қадам. Соның ішінде нанды бөлек жинап, оны бағалы шикізатқа өңдеу маңызды әлеуметтік шара. Мұндай жобаларды жекелей емес, түрлі тараптардың қатысуымен стратегиялық тұрғыда іске асыру керегін тәжірибе көрсетіп отыр.

Нан қалдықтарының аяқ астында жатуын қысқарту үшін мемлекеттік қолдау, жүйелі шаралар және кәсіпкерлік бастамамен қоса, әрқайсымыздың жауапкершілігіміз керек. Қоқысты сұрыптау жинау мәдениетінің қалыптасуы сіз бен бізден басталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ЖИ
Өзгелердің жаңалығы