Намазалы Омашев "Егемен Қазақстанның" арнайы сыйлығына ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өтіп жатқан баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығы аясында "Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдығына орайластырылған арнайы сыйлығы Намазалы Омашев берілді.

Жеңімпаздың есімін хабарлау үшін сахнаға Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов пен "Егемен Қазақстан"  газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі шықты. Алдымен БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесімен және елдің ғасырлық шежіресі болған "Егемен Қазақстанның" жүз жылдығымен құттықтады.

"Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің "Үркер" сыйлығының арнаулы номинацясын ел газеті "Егеменнің" ғасырлық тойына арнауы - жөн білгендік. Рахмет айтамыз. Бұл жерде "Егемен Қазақстанда" еңбек ету, еңбек сіңіру тікелей ұжымында болу шарт болып саналған жоқ. Бұл сыйлықты "Егеменде" еңбек еткен азаматтың бірі, биыл басылымның 100 жылдық тарихының 10 томдығын дайындаған, соған жетекшілік жасаған Намазалы Омашев алды",- деді Әбдірахманов. 

Еске сала кетейік, аталған сыйлық баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін беріледі. Сонымен қатар, сыйлық өңірлердегі мультимедиалық журналистиканы дамытуға ықпал ету, журналистика мәртебесін көтеру, кәсіби стандарттар мен критерийлерді бекіту, қоғамның  азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Ұлттық сыйлықтың негізгі мақсаты - талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестерін тану және шығармашылықтарына қоғамның назарын кеңінен аудару болып табылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы