«Намаз оқымайтын адам – КӘПІР» дейтіндерге жауап
Алматы, BAQ.KZ. Нұр-Мүбарак баспасынан жат діни ағымнан сақтану бағытында «Намаз оқымайтын адам – КӘПІР» дейтіндерге жауап» атты жаңа кітап жарық көрді.
Аталған кітапты Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, исламтану ғылымы бойынша PhD доктор, доцент Қайрат Құрманбаев пен Нұр-Мүбарак университетінің PhD докторанты, «Исламтану» кафедрасының оқытушысы Нұржан Стамбакиев бірлесіп жазған.
Авторлардың жаңа туындысы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті тарапынан жүргізілген дінтану сараптамасының талаптарынан өтіп, ҚМДБ-ның сараптау комиссиясынан оң бағасын алды.
Кітап қоғамда пікірталас тудырған діни мәселелердің бірі – намаз оқымайтын адамның үкімі талқыланады. Тақырыпқа қатысты әһлу сунна ғылымдарының ұстанымы басқа көзқарастармен салыстырыла отырып, теологиялық, діни-құқықтық тұрғыда зерттеледі.
Пікір плюрализмі пенденің пешенесінде бар, табиғатына тән құбылыс. Кеңістік пен уақыт, қоғам мен тұлға, шариғат пен заң, түсінік пен құндылықтар өзгеруге бейім. Сондықтан қай кезде болмасын діни көзқарастар мен діни түсінік алуандылығының туындауы заңды. Алайда, әртүрлі көзқараста болу (ихтилаф) талас-тартысқа, жанжалға (хилаф) ұласса, қоғам тұрақтылығына сызат түсіреді. Ал тұрақтылық пен бейбіт өмір – баға жетпес байлық әрі үлкен нығмет. Осы орайда қоғамда кейбір дін ұстанушы тарапынан туындайтын қатердің алдын алу, шетін топ өкілдерін оңалту жұмыстарына үлес қосу мақсатында, ортада діни алауыздыққа себеп болып жүрген негізгі тақырыптарға жеке-жеке арнайы шағын еңбек жазуды қолға алдық. Соның алғашқысы – «Намаз оқымайтын адам – КӘПІР» дейтіндерге жауап, - дейді Қайрат Құрманбаев.
Сондай-ақ, автор намаз оқымайтын адамды күпірлікпен айыптайтын, тіпті ата-анасы мен өзінің туғандарын намаз оқымағаны үшін жат көріп жүргендер осы кітап арқылы ақиқатты түсініп жатса, мақсатымыз орындалғаны деген ойын білдірді.
Университет проректорының сөзіне сүйенсек, жуырда дерадикализация бағытындағы өзекті тақырыптарға арналған келесі кітаптар жарық көреді.
Діни мәселердің 1-сериясымен оқырманға ұсынылған «Намаз оқымайтын адам – КӘПІР» дейтіндерге жауап» атты еңбектің ерекшелігі – кітап екі тілде бір мұқабада (қазақ тілінде 74 бет, орыс тілінде 74 бет) жазылған. Жалпы алғанда туынды 148 беттен тұрады.
Нұр-Мүбарак баспасынан шыққан енбек исламтанушыларға, дінтанушыларға, дерадикализация бағытындағы мамандандарға арналған.