«Намастеден» нақты бастамаларға дейін: Нью-Делидегі БРИКС саммитінің қорытындысы
«Намасте» – жылылықты, өзара құрметті және үйлесімді ынтымақтастықты білдіретін үнді халқының дәстүрлі амандасуы. Бұл ишара Үндістанның БРИКС-тегі төрағалығының және 12-13 қыркүйекте Нью-Делиде өткен XVIII БРИКС саммитінің логотипіне де енді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Санскрит тіліндегі «намасте» сөзі бір-біріне құрмет көрсетуді және ынтымақтастыққа дайындықты білдіреді. Үндістан төрағалығының бұл ұғымды саммиттің басты символдарының бірі ретінде таңдауы кездейсоқ емес. Осы қағидаттар жиырма жыл ішінде құрамы кеңейген БРИКС бірлестігінің де негізіне айналды. Бүгінде ұйымға мүше елдерде әлем халқының 49,5 пайызы тұрады, ал олардың үлесіне жаһандық жалпы ішкі өнімнің шамамен 40 пайызы тиесілі.
Екі күнге созылған Нью-Дели саммитінде ұйымға мүше және серіктес мемлекеттердің басшылары жаһандық қауіпсіздік, халықаралық ынтымақтастық, сауда, технология, жасанды интеллект, логистика және орнықты даму мәселелерін талқылады.
Бірінші күн: Дели декларациясы қабылданды
БРИКС-тің XVIII саммиті 12 қыркүйекте ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының отырысымен басталды. Кездесу қорытындысында БРИКС елдері Дели декларациясын қабылдады.
Саммиттің бірінші күні бірлестікке мүше мемлекеттер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, көпжақты ынтымақтастықты, жаһандық басқару жүйесін жетілдіруді, сауда-экономикалық байланыстарды және орнықты дамуды талқылады.
Нью-Делидегі кездесу БРИКС үшін ерекше кезеңде өтті. Ұйым соңғы жылдары құрамын кеңейтіп қана қоймай, серіктес мемлекеттермен ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін де қалыптастырды. Сондықтан Үндістан төрағалығы кезінде өткен саммиттің негізгі міндеттерінің бірі ұйым ішіндегі өзара іс-қимылды күшейтіп, БРИКС пен Жаһандық Оңтүстік арасындағы байланысты кеңейту болды.
Бірінші күннің басты құжаты – Дели декларациясы ұйымға мүше мемлекеттердің алдағы кезеңдегі ынтымақтастығының негізгі бағыттарын айқындады.
Екінші күн: БРИКС аутрич форматы
Саммиттің екінші күні Нью-Делиде «аутрич» форматындағы кеңейтілген пленарлық отырыс өтті. Жиын «Орнықтылық, инновация, ынтымақтастық және тұрақтылық: инклюзивті жаһандық өсімнің болашағын қалыптастыру» тақырыбына арналды.
Бұл жолы БРИКС-ке мүше мемлекеттермен қатар, серіктес елдер мен ұйыммен ынтымақтастыққа мүдделі мемлекеттердің өкілдері бір алаңға жиналды.
Кеңейтілген отырысты ашқан Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди БРИКС-тің күшейіп келе жатқанын, оған деген сенім мен қызығушылықтың артқанын атап өтті.
Оның айтуынша, Үндістан төрағалығы төрт негізгі бағытқа – орнықтылыққа, инновацияға, ынтымақтастыққа және тұрақты дамуға басымдық берді.
Моди: дағдарыстар шекара таңдамайды
Нарендра Моди қазіргі әлемде қақтығыстар мен шиеленістердің көбейіп бара жатқанын, олардың қарапайым адамдардың өміріне барған сайын кең көлемде әсер етіп отырғанын айтты.
Пандемиялар, климаттық апаттар және жеткізу тізбектеріндегі үзілістер қазіргі өзара байланысқан әлемде ешбір дағдарыс бір өңірдің шеңберінде қалмайтынын көрсетті.
Осыған байланысты Үндістан төрағалығы БРИКС аясында орнықтылықты күшейтуге басымдық берген.
Моди жұқпалы аурулардың алдын алу және оларға қарсы әрекет ету үшін БРИКС-тің бірыңғай ерте ескерту жүйесін құру жөнінде келісім жасалғанын айтты. Табиғи апаттарды басқару үшін деректерді біріктіру жөніндегі нұсқаулықтар әзірленді. Ал БРИКС-тің логистика және жеткізу тізбегі саласындағы ынтымақтастық негіздемесі жеткізу тізбектерін сенімді әрі тұрақты етуге бағытталған.
Инновация саласында БРИКС инкубаторлар желісі стартаптар мен инкубаторларды өзара байланыстырады. Сонымен қатар инновациялық және ауқымды шешімдерді дамыту үшін БРИКС стартаптарының инновациялық қорын құру ұсынылды.
Үндістан Премьер-министрі цифрлық ауыл шаруашылығы желісін дамыту бастамасына да тоқталды. Оның аясында жасанды интеллект, геоақпараттық технологиялар және цифрлық қоғамдық инфрақұрылым фермерлердің нақты қажеттіліктерімен байланыстырылады.
Моди технологиялар мен аса маңызды минералдарды қысым құралы ретінде пайдалану ортақ прогреске кедергі келтіруі мүмкін екенін атап өтті.
Сондай-ақ Үндістан төрағалығы БРИКС ынтымақтастығын тек үкіметтер деңгейінде шектемей, кәсіпкерлерді, фермерлерді, зерттеушілерді, әйелдер мен жастарды, қарапайым азаматтарды да осы үдеріске тартуға күш салды.
Тұрақты даму мәселесіне тоқталған Моди адамзаттың дамуы мен қоршаған ортаны қорғау бір-біріне қарама-қайшы емес, керісінше өзара толықтыратын ұғымдар екенін айтты.
Осы бағытта БРИКС аясында ақылды электр желілері мен энергия сақтау жүйелеріне арналған Цифрлық озық тәжірибе орталығы құрылды. Агроэкология және қалпына келтірілетін ауыл шаруашылығы салаларындағы орталықтар дәстүрлі білім мен заманауи ғылымды ұштастыруға бағытталды.
Нарендра Моди БРИКС аясында әзірленетін шешімдер тек ұйымға мүше мемлекеттермен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Олар Глобалды Оңтүстік елдерінің қажеттіліктеріне де бейімделіп, қолжетімді болуы қажет.
Жаһандық Оңтүстік елдерінің БРИКС-ке деген сенімі артты. Өйткені БРИКС аясында олардың дауысы естіледі, тәжірибесі құрметтеледі және шешімдер олар үшін емес, олармен бірге әзірленеді, – деді Үндістан Премьер-министрі.
Оның айтуынша, БРИКС-тің күші – әртүрлілігі мен ынтымақтастығында.
Тоқаев: БРИКС әлеуетін бейбітшілік пен сенімсіз толық пайдалану мүмкін емес
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі «аутрич» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге қонақжайлығы және БРИКС саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, Үндістанның төрағалығы БРИКС аясындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін бергенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлем халқының жартысына жуығын біріктіріп, жаһандық жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын қамтамасыз ететін БРИКС-тің мүмкіндігі зор. Алайда халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелер шешімін тауып, жетекші державалар арасындағы сенім қалпына келмейінше, бұл әлеуетті толық іске асыру мүмкін емес.
Президент 2026 жылғы Жаһандық бейбітшілік индексінде сипатталған «жаппай жікке бөліну» үрдісіне тоқталды. Оның айтуынша, геосаяси қақтығыстардың ушығуы, милитаризацияның күшеюі, көпжақты институттардың әлсіреуі және сауда кедергілерінің көбеюі алаңдатарлық жағдай қалыптастырған.
Өткен жылы қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар шығынға ұшырады. Бұл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына тең.
Мемлекет басшысы аймақтық кикілжіңдер енді тек қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға да зардабын тигізе бастағанын айтты. Маңызды теңіз жолдарындағы үзілістер жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбектеріндегі осал тұстарды анық көрсетті.
Осыған байланысты Президент бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық экономикалық және орнықты дамудың негізгі алғышарты екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев саяси диалог пен дәйекті дипломатия арқылы шиеленісті бәсеңдетіп, ұзақмерзімді тұрақтылыққа басымдық беру қажет екенін айтты. Сонымен бірге халықаралық қауіпсіздік архитектурасының әлсіреуі жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктер қаупін күшейтетінін атап өтті.
Президент ядролық және жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту үшін атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы қажет екенін жеткізді.
Қазақстан Президенті жетекші державалар арасындағы сенімнің төмендеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімді әрекет ету мүмкіндігін шектейтінін айтты.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ға балама жоқ екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұйымды реформалау оның қақтығыстардың алдын алу және ұжымдық шешімдер қабылдау әлеуетін күшейтуге бағытталуы тиіс.
Президент БҰҰ Жарғысының мүлтіксіз сақталуы қажет екенін, ал Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдігін қамтамасыз ету керектігін айтты.
Сондай-ақ дамып келе жатқан орта державалар жаһандық шешім қабылдауға салмақты үн қосуы тиіс. Өйткені олар диалогты дамытуға және геосаяси қайшылықтарды еңсеруге ықпал ете алады.
Қазақстан БРИКС-ті серіктес мемлекет ретінде нақты ынтымақтастыққа арналған, БҰҰ-ның көпжақты жүйедегі жетекші рөлін толықтыратын және халықтарды, өңірлер мен нарықтарды байланыстыратын ашық алаң ретінде қарастырады.
Қазақстан мен БРИКС: тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанның БРИКС-ке мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын айтты.
Қазақстан барлық БРИКС мемлекеттерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға ниетті.
Президент Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық ететін ел ретінде БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды қолдайтынын жеткізді.
Қазақстан энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол деп санайды.
Бұл ретте технология мен білім алмасуға, сондай-ақ бірлескен инвестицияға ерекше мән беріледі.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ауқымды инфрақұрылым жобаларын, соның ішінде халықаралық маңызы бар бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға әлеуеті бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар Жаңа даму банкі БРИКС елдеріндегі және Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра алатынын айтты.
Қазақстан арқылы өтетін жүк көлемін 100 миллион тоннаға жеткізу мақсаты бар
Қазақстан Президенті көлік қатынасын нығайту ортақ экономикалық өсімге жаңа серпін беретінін атап өтті.
Қазақстан Еуразиядағы басты транзиттік-логистикалық орталықтардың бірі ретінде теміржол желілерін, порттар мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы трансшекаралық жүк тасымалын жылдам әрі болжамды етуге ұмтылып отыр.
Өткен жылы Қазақстан арқылы 40 миллион тоннаға жуық транзиттік жүк тасымалданды. Ұзақмерзімді жоспар бойынша бұл көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға жеткізу көзделген.
Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен жеткізілетін жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Азия мен Еуропаны Каспий теңізі арқылы жалғайтын стратегиялық нүкте саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытты «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразияның барынша интеграцияланған және орнықты көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Президент Үндістан ұсынған логистика және жеткізу тізбегі салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін БРИКС Негіздемелік бағдарламасын да қолдайтынын жеткізді. Оның пікірінше, бұл БРИКС Plus/аутрич форматындағы нақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Тоқаев жасанды интеллект бойынша БРИКС Plus серіктестігін құруды ұсынды
Мемлекет басшысы жаһандық экономика мен қоғамды өзгертіп жатқан жасанды интеллект технологияларына да тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, БРИКС қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің технологиялық әлеуетін олардың ауқымымен ұштастырып, инновация, инвестиция және тұрақты экономикалық өсім үшін жаңа мүмкіндіктер аша алады.
Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие.
Президент нақты бастама ретінде жасанды интеллект саласы бойынша БРИКС Plus серіктестігін іске қосуды ұсынды.
Оның аясында ұлттық жасанды интеллект орталықтарын біріктіру, зертханалар мен ғылыми жобаларды қолжетімді ету, сондай-ақ бірлесіп көптілді шешімдер әзірлеу ұсынылды.
Қазақстан БРИКС Plus аясындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын және БҰҰ-ның ұлттық әрі цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын екенін білдірді.
Қазақстан су мәселесін БРИКС алаңына шығарды
Қасым-Жомарт Тоқаев орнықтылық тек технологиялық дамумен өлшенбейтінін атап өтіп, су ресурстары мәселесіне ерекше тоқталды.
Президенттің айтуынша, жаһандық деңгейде су ресурстарын басқару ісі әлі де шашыраңқы жүргізіліп келеді.
Қазақстан осыған байланысты әлем елдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, мемлекетаралық үйлестіру жұмыстарын күшейту үшін Халықаралық су ұйымын құруды ұсынған.
Бұл ұйым БҰҰ-ның арнаулы құрылымы ретінде қызмет етуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-ке мүше мемлекеттер мен серіктестерді Қазақстан бастамашы болған халықаралық консультацияларға қосылуға шақырды.
Президент сөзін қорытындылай келе, тиімді көпжақты ынтымақтастық болмаса, көпполярлы жүйе жікке бөлінуді одан әрі ушықтырып, адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.
Қазақстан егемендікке, мүдделердің теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайды.
Қазақстан мен Үндістан энергетика және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Нью-Дели саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті.
Президент Нарендра Модиді БРИКС саммитін табысты өткізумен құттықтап, Үндістанның әлемдік экономика, ғылым және технология салаларындағы рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Бүгінде Қазақстанда үнді капиталының қатысуымен 600-ге жуық компания жұмыс істейді. Өткен жылы елімізге шамамен 150 мың Үндістан азаматы келген. Қазақстанның жоғары оқу орындарында үндістандық студенттер де білім алып жатыр.
Кездесуде энергетика, цифрландыру, білім және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Astana Hub пен Үндістанның ірі IT орталықтарының бірі саналатын Хайдарабадтың технологиялық экожүйесі арасындағы өзара іс-қимылға да ерекше назар аударылды.
Нарендра Моди Қазақстан жастарын келесі жылы Мумбайда өтетін WAVES креативті индустриялар саммитіне қатысуға шақырды.
Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ пен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру мәселесін де талқылады. Қазақстан ЕАЭО-ға төрағалық ететін ел ретінде келіссөздерді ілгерілетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Нарендра Модиді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Си Цзиньпин: БРИКС Жаһандық Оңтүстіктің күшін біріктіруі керек
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин БРИКС елдерін Жаһандық Оңтүстіктің күшін біріктіріп, халықаралық істерде тұрақтандырушы және сындарлы фактор болуға шақырды.
Оның айтуынша, қазіргі әлем терең өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бір жағынан Жаһандық Оңтүстіктің рөлі күшейіп келеді, екінші жағынан халықаралық ортада тұрақсыздық пен тәуекелдер артып отыр.
Си Цзиньпин халықаралық ережелер барлық елдің қатысуымен әзірленуі тиіс екенін, ал «күші бардың құқығы бар» қағидаты өткенде қалуы керек екенін айтты.
Қытай басшысы көпжақтылықты, БҰҰ-ның рөлі мен беделін қолдап, халықаралық басқару жүйесінде дамушы елдердің өкілдігі мен дауысын күшейту қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар Си Цзиньпин БРИКС аясындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін бес бастама ұсынды.
Олар:
– ашық бастапқы код негізіндегі жасанды интеллектіні кеңінен қолжетімді ету;
– сауда мен инвестицияны жеңілдету;
– цифрлық өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамыту;
– ақылды өндірісті ілгерілету;
– ғылым мен техника саласына мамандар даярлау.
Қытай басшысы БРИКС елдерінің экономикалық және технологиялық әлеуетін біріктіру арқылы Жаһандық Оңтүстіктің жаңа даму мүмкіндіктерін қалыптастыруға болатынын айтты.
Путин: БРИКС ішкі саудасы 1,2 триллион долларға жетті
Ресей президенті Владимир Путин БРИКС Plus/аутрич форматындағы кездесулер ұйымға мүше елдер, серіктес мемлекеттер және басқа да мүдделі тараптар арасында тікелей әрі ашық диалог жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Оның айтуынша, БРИКС-тің негізгі құндылықтары – тәуелсіз даму бағыты, халықаралық құқыққа сүйену және әр мемлекеттің өз даму моделін таңдауға құқығын құрметтеу.
Владимир Путин БРИКС-ті көпполярлы әрі әділетті әлемдік тәртіптің қалыптасуына ықпал етіп отырған халықаралық қатынастардағы маңызды күштердің бірі деп атады.
Ресей Президентінің айтуынша, БРИКС аясындағы ішкі сауда 1,2 триллион долларға жетті.
Ол ұйым елдерінің экономикалары бірін-бірі толықтыратынын және осы әлеуетті пайдалану арқылы жаңа өндірістік тізбектерді, технологиялар мен нарықтарды дамытуға болатынын айтты.
Путин БРИКС аясындағы төлем және есеп айырысу инфрақұрылымын дамыту, қайта сақтандыру тетігін құру және астық биржасын қалыптастыру жөніндегі Ресей бастамаларына назар аударды.
Сонымен бірге Жаңа даму банкінің әлеуетін күшейту қажеттігін атап өтті. Банк арқылы осы уақытқа дейін 123 жобаға шамамен 40 миллиард доллар қаржы бөлінген.
«Намасте» мен лотос: ортақ мақсатқа ұмтылған БРИКС
Нью-Делидегі саммиттің шешімдері БРИКС-ке мүше және серіктес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың негізіне айналған қағидаттарды тағы бір рет айқындады.
Олар Үндістан төрағалығы таңдаған «Намасте» ұғымының мәнімен де үндеседі – өзара құрмет, түсіністік және ынтымақтастыққа дайындық.
Саммит эмблемасының тағы бір бөлігі – Үндістанның ұлттық символы саналатын лотос гүлі. Ол ортақ мақсат болған жағдайда ынтымақтастықтың гүлдене алатынын білдіреді.
БРИКС өз күшін мүшелерінің ұжымдық үлесінен алады және сонымен бірге әр мемлекеттің өзіндік ерекшелігі мен ұлттық болмысын құрметтейді.
Нью-Делидегі екі күндік саммит ұйым үшін осы қағидаттарды нақты бастамалармен бекіткен кездесу болды. Қауіпсіздік пен халықаралық ынтымақтастықтан бастап, сауда, инвестиция, логистика, жасанды интеллект, энергетика және су ресурстарына дейінгі мәселелер бойынша жаңа бағыттар ұсынылды.
БРИКС-тің келесі саммиті ұйымның 21 жылдығы қарсаңында Қытайда өтеді. Келесі төрағалық Қытайға өтеді.