21 Қыркүйек 2026, 18:15 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Намасте, рикша және Болливуд: Үндістан күнделігі

Нью-Делидің жасыл көшелері, Аграның тарихи мұрасы және Мумбайдың тоқтаусыз ырғағы

Үндістанды бір ғана сөзбен сипаттау қиын. Бұл - ежелгі өркениет пен жасанды интеллект қатар дамып жатқан, дәстүрлі киім киген адамдар мен жаһандық бизнес өкілдері бір көшеде кездесетін, рикшалар мен заманауи көліктер қатар қозғалатын ел. Нью-Делиден Аграға, одан Мумбайға дейінгі сапар барысында BAQ.KZ тілшісі Үндістанның туристік нысандарын ғана емес, оның күнделікті өмірін, мәдениетін және Қазақстанмен байланысының мүмкіндіктерін де байқауға тырысты.

Үндістанды түсіну көшеден басталады

Үндістанға келген адамды алдымен оның көшелері қарсы алады. Адамдар, көлік қозғалысы, сауда орындары, түрлі түсті киімдер, ұлттық дәстүрлер мен қаланың үздіксіз тіршілігі бір кеңістікке тоғысқан.

Елдің халық саны 1,5 миллиард адамға жуық. Бұл көрсеткішті статистикадан ғана емес, ірі қалалардың күнделікті өмірінен де сезінуге болады. Нью-Дели мен Мумбайда адамдардың көптігі, қоғамдық көліктің қарбаласы және сауда орындарының белсенділігі Үндістанның ауқымын айқын көрсетеді.

Алайда Үндістанның ерекшелігі халық санының көптігімен шектелмейді. Елде жүздеген тіл мен диалект, түрлі діни дәстүрлер мен аймақтық мәдениеттер қатар өмір сүреді. Әр өңірдің өзіндік киім үлгісі, тағамы және тұрмыс салты бар.

Көшеде дәстүрлі сари киген әйелдерді, ұлттық киімдегі ер адамдарды және заманауи стильді ұстанған жастарды қатар кездестіруге болады. Бұл - Үндістанның мәдени алуандығын күнделікті өмірден көрсететін көрініс.

«Namaste» - сөзден бұрынғы сәлемдесу

Үндістандағы қарым-қатынас мәдениетінің маңызды элементтерінің бірі - «Namaste». Алақандарды біріктіріп, сәл иілу арқылы орындалатын бұл ишара сәлемдесуді, құрмет пен ізеттілікті білдіреді.

Үнді қоғамында үлкенге құрмет көрсету, әдептілік және қарым-қатынастағы сыпайылық маңызды орын алады. Сапар барысында қызмет көрсету саласында адамдардың әйелдерге «madam», ал ер адамдарға «sir» деп тіл қататынын жиі байқауға болады.

Бұл сөздер ресми ортада ғана емес, күнделікті қарым-қатынаста да қолданылады. Қарапайым сәлемдесудің өзі елдегі әлеуметтік әдеп нормалары туралы түсінік береді.

Дәмдеуіштерге толы елдің асханасы

Үндістанның мәдениетін оның асханасынсыз елестету мүмкін емес. Мұнда тағам — тек күнделікті қажеттілік емес, аймақтық дәстүр мен өмір салтының бір бөлігі.

Үнді асханасында күріш, жасымық, көкөністер, нан өнімдері және түрлі соустар кеңінен қолданылады. Карри, куркума, зире, кориандр секілді дәмдеуіштер тағамға ерекше хош иіс пен дәм береді.

Ас мәзірінде бирьяни, самоса, масала доса, дал, наан және роти сияқты тағамдар жиі кездеседі. Кейбір тағамдар ащы болса, енді бірінің дәмі жұмсақ әрі хош иісті. Вегетариандық тағамдардың кең таралуы да елдің діни және мәдени ерекшеліктерімен байланысты.

Үндістанның наны – ұннан дайындалып, тандырда пісірілетін дәстүрлі нан. Оның кейбір түрлері қазақтың шелпегін еске түсіреді.

Үндістанның солтүстігі мен оңтүстігіндегі ас мәзірі бір-бірінен ерекшеленеді. Бұл елдің аумағы ғана емес, оның мәдени және гастрономиялық кеңістігі де қаншалықты алуан түрлі екенін көрсетеді.

Нью-Дели: жасыл желек пен үлкен қаланың ырғағы

Нью-Дели Үндістанның саяси және әкімшілік орталығы ретінде танымал. Қалада мемлекеттік ғимараттар, кең даңғылдар, тарихи нысандар мен жасыл желек қатар орналасқан.

Астана көшелеріндегі ағаштар мен саябақтар қалаға өзіндік тыныс береді. Бірақ жасыл кеңістіктердің ар жағында халық тығыз орналасқан мегаполистің үздіксіз қозғалысы сезіледі.

Қала өмірінің ажырамас бөлігі - рикшалар. Олар қысқа қашықтыққа қатынайтын қолжетімді көлік түрі ретінде кең қолданылады. Сапар барысында BRICS ғимаратынан қонақүйге дейін рикшамен жүріп, шамамен 300 рупий төледік. Бір рупий сол кездегі бағам бойынша 4,68 теңгеге тең. Демек, бір бағытқа шамамен 1400 теңге төледік. Жолға 20 минуттай уақыт кетті.

Рикшалардың түсі де қалаға қарай өзгереді. Делиде жасыл түсті үлгілер жиі кездессе, Мумбайда қара-сары рикшалар кең тараған.

Үндістан уақыты Қазақстан уақытынан 30 минут алда. Бұл да сапар барысында ескеруге тура келген тұрмыстық ерекшеліктердің бірі болды.

Маймылдар да қала тіршілігінің бір бөлігі

Үндістан қалаларында табиғат пен урбанизацияның арасы кейде әдеттегіден әлдеқайда жақын көрінеді. Соның бір мысалы - көшелерде, ағаштарда және ғимараттарға жақын аумақта еркін жүретін маймылдар.

Олардың ағаштан ағашқа секіріп, адамдардың күнделікті тіршілігіне қатарлас қозғалып жүргенін көруге болады. Сырттан келген адам үшін бұл - ерекше көрініс. Ал жергілікті тұрғындар үшін мұндай жағдай кейбір аудандарда қалыпты құбылысқа айналған.

Бұл көріністер Үндістан қалаларының тек бетон мен көліктен тұрмайтынын, табиғи орта да олардың күнделікті кеңістігінің бір бөлігі болып қала беретінін көрсетеді.

Тәж-Махал – махаббат символы

Аграға сапар Үндістанның тарихи мұрасын жақынырақ тануға мүмкіндік берді. Қаланың басты символы - Тәж-Махал.

Ақ мәрмәрдан салынған кесене өзінің сәулеттік үйлесімімен, симметриясымен және кеңістікпен байланысқан құрылымымен ерекшеленеді. Тәж-Махалға келген туристердің көптігі оның әлемдік мәдени мұра ретіндегі маңызын көрсетеді.

Тәж-Махал жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған туристі қабылдайды. Олардың қатарында Қазақстаннан баратын саяхатшылар да бар. Үндістан елшілігінің ақпаратынша, 2025 жылы Қазақстанға Үндістаннан 250 мыңға жуық турист келген. Бұл екі ел арасындағы туристік байланыстың ауқымын көрсететін көрсеткіштердің бірі.

Қаржы орталығынан Болливудқа дейін: Мумбайдың сан қырлы келбеті

Мумбайға келгенде Үндістанның тағы бір қыры ашылады. Бұл - елдің қаржы, бизнес және киноиндустрия орталықтарының бірі.

Қала Араб теңізінің жағалауында орналасқан. Араб теңізі Үнді мұхитының құрамына кіреді. Мумбайдың келбетін теңіз жағалауы, тарихи ғимараттар, биік үйлер, қарқынды көлік қозғалысы және халықтың тығыз орналасуы қалыптастырады.

Мумбайда бір-біріне қарама-қайшы көріністер жиі қатар кездеседі. Заманауи бизнес орталықтарының жанында шағын дүңгіршектер, көшедегі сауда, рикшалар мен дәстүрлі киім киген адамдар бар.

Қаладағы әкімшілік ғимараттар мен тарихи нысандар Мумбайдың отарлық кезеңнен қазіргі жаһандық мегаполиске дейінгі даму жолын көрсетеді.

Мумбай - үнді киносының жүрегі. Film City аумағына барған кезде кино өндірісінің ауқымын, түсірілім алаңдарын және осы салаға қызмет ететін инфрақұрылымды көруге мүмкіндік болды.

Болливуд Үндістанның мәдени бейнесін әлемге танытатын маңызды индустрияға айналған. Бірақ фильм экранға шыққанға дейін оның артында сценарий, режиссура, актерлік құрам, техникалық мамандар мен күрделі өндірістік процесс тұрады.

Мумбайдағы Taj Mahal Palace қонақүйі де қала тарихындағы танымал нысандардың бірі. Ол 2008 жылғы террорлық шабуылдармен байланысты оқиғалар және осы тақырыпта түсірілген «Hotel Mumbai» фильмі арқылы халықаралық аудиторияға кеңінен белгілі.

Мумбайдың көрнекті орындарының бірі — Gateway of India. Үндістан қақпасы 1911 жылы король Георг V мен королева Мэридің Үндістанға сапарын еске алу мақсатында жобаланып, 1924 жылы аяқталған.

Бүгінде бұл нысан Мумбайдың танымал тарихи символына айналған. Теңіз жағалауындағы орналасуы оны туристер мен қала тұрғындары жиі жиналатын орындардың біріне айналдырады.

Элефанта үңгірлеріне теңіз арқылы бару да сапардың ерекше бөлігі болды. Тасқа қашалған мүсіндер мен тарихи діни кешен Үндістанның ежелгі өркениеті туралы түсінік береді.

Қазақстан мен Үндістан: жаңа мүмкіндіктер кеңістігі

Үндістан сапары барысында Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарына да назар аудардық. Қазақстанның 2025 жылы BRICS серіктесі атануы Орталық Азия елдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Екі ел үшін жасанды интеллект, IT, қаржы технологиялары, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тоқыма, энергетика және логистика салаларындағы әріптестіктің маңызы зор. Үндістанның IT мамандары мен Қазақстанның Орталық Азия нарығын түсінуі өзара тиімді жобаларды дамытуға негіз бола алады.