Нағыз қазақ – домбыра. Жүздеген оқушы бір мезетте күй тартты

Ертіс өңірінің мектептері «Домбыра үні» атты республикалық челленджіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Өткен жылы жалпыреспубликалық шара колледж студенттері мен ересек музыканттар арасында ұйымдастырылса, биыл мектеп оқушылары өнер көрсетті. Шәкірттердің барлығы бір уақытта Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа» және Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлері орындалды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, музыкалық шара оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ұлттық аспаптарға деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Аманжол Шәмкенов атындағы мектеп-лицейі директорының орынбасары Анастасия Нұриманованың айтуынша, челленджге қатысқан балалардың барлығы – домбыра үйірмелерінің шәкірттері.

Біздің лицейге алты мектептің балалары жиналды. Дайындық жұмыстары бірнеше күн  бойы өтті. Оқушылар кәсіби музыкант болмаса да, шараға тыңғылықты дайындалды. Оған қоса күйді көпшілікпен бірге орындауға дағдыланды. Осы жылы шарамыз мерекелік көңіл-күйде өтті. Балалардың ниеттері бір төбе. Ұлттық киім киіп, әйгілі күйді жоғары деңгейде орындады деп ойлаймын, - дейді Анастасия Нұриманова.

Айта кетейік, бұл челлендж Әз Наурыз қарсаңындағы шаралардың бастамасы ғана. Бірнеше күн бұрын қыз балаларға арналған «Трендті тақия тігеміз» атты шеберлік сабақтары басталған. Алдағы уақытта әр мектепте өткізу жоспарланған. Тәрбиелік мәні зор шараның қорытындысы Ұлыстың ұлы күні өтетін тақия фестивалімен тәмамдалмақ. Жеткіншектер өздері тіккен бас киімдерін киіп, көрсетілім ұйымдастырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы