9 Қараша 2026, 14:43 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Надежда Лушникова саналы ғұмырын қазақтың сөз өнеріне арнады

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті айтыс ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Надежда Лушникованың дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне және барша әдебиетсүйер қауымға қайғыра көңіл айтады.

Саналы ғұмырын қазақтың сөз өнеріне арнаған Надежда Лушникова ұлттық әдебиет пен айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ тілінің байлығы мен көркемдігін терең меңгерген ақын суырыпсалмалық шеберлігімен, туған елге деген сүйіспеншілігімен халықтың ықыласына бөленді. «Отаным менің», «Жан сыйы» атты жыр жинақтары оқырман жүрегінен орын алды.

Ширек ғасырдан астам уақыт қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ақын ұлағатты ұстаз ретінде жас ұрпаққа ұлттық өнерді дәріптеді. Сондай-ақ ұзақ жылдар Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалдық музейіне басшылық жасап, ақын мұрасын сақтау мен насихаттауға зор үлес қосты.

Надежда Лушникованың өнегелі өмірі, ұстаздық ұлағаты мен ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі болып қала береді. Жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жәннатта болсын! Иманды болсын, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! - деп көңіл айтты министрлік.

Айта кетейік, ақын Надежда Лушникованың 86 жасқа қараған шағында өмірден өткені хабарланды.