Нұрландардың бәрі кетіп бара жатыр, жалғыз қалдым - Нығматулин
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің қатарынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты үш депутат шығарылды. Төраға әсіресе Сенатқа кеткен Нұрлан Әбдіровті қимай шығарып салды.
Нұрлан Мәжитұлы (Әбдіров- тілші) екі шақырылым бірге жұмыс істедік. Өзінің тәжірибесін, іскерлігін көрсетті. Соның нәтижесінде сот-құқықтық, заңнама комитетін басқарды. Елімізге өте пайдалы бірнеше құқықтық заңдардың қабылдануына өте зор үлес қосты. Президент Тоқаевтың жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды. Одан кейін кеше Сенаттағы әріптестері төрағаның орынбасары етіп сайлады. Сондықтан Нұрлан Мәжитұлы жаңа жұмысыңызға табыс тілеймін. Алысқа кеткен жоқсыз, алда да бірлесіп жұмыс істейміз, - деді Нұрлан Нығматулин.
Осыдан кейін Мәжіліс төрағасы экс-әріптесіне алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, спикер "Нұрландардың бәрі кетіп жатыр, жалғыз қалдым" деп әзілдеді. Өйткені Мәжілістегі екі бірдей Нұрлан яғни Әбдіров пен Дулатбеков жұмыс ауыстырып отыр.
Мәжіліске келгеніме 11 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде көп дүние өзгерді. Жақсылықтар болды. Еліміздің болашағын қалыптастыратын заңдар қабылданды. 2017 жылы констиутциялық реформа да болды. Оңайшылыққа түскен жоқ. Нұрлан Зайроллаұлы (Нығматулин- тілші) айтқандай, алысқа кетіп жатқан жоқпын. Бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы ғой, - деді Әбдіров.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы