Нәрестеде кездесетін неврологиялық ауруларды қалай емдейді – дәрігер кеңесі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір жаңа туған балалар арасында неврологиялық аурулар неліктен көп? Перзентханада жүкті әйелдерді босандыру кезінде қандай қателіктер болып жатыр? Туған кезде мойын омыртқасы зақымданған баланы қалай емдейді? Балалардағы бас сүйек ішілік қысым неден пайда болады? Баладағы аутизмді емдеуге бола ма? Кесер тілігін жасағанда іштегі баланы қалай қабылдап алу керек?

Бұл жайында Алматы қаласы №4 балалар поликлиникасының невропатологы әрі С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Медициналық Ұлттық университеттінің клиникалық фармакология кафедрасының оқытушысы Бибігүл Киікова сұхбат барысында айтып берді. 

Бибігүл Киікова қазір балалар арасында неврологиялық аурулар көп шығып жатқаны айтылады. Бұрын бас сүйек ішілік қысым дегенді естімейтін едік, қазір ондайлар көбейген, оған не себеп? 

Бұрын Совет тұсында бала туғаннан бастап оның ары қарайғы өмірі дәрігерлердің жіті бақылауында болатын. Мәселен, бала өмірге келгенде денсаулығында қандайда бір ақау болса, ондай бала сол жердегі дәрігерлердің сүйемелдеуімен балалар дәрігеріне тапсырылатын. Яғни перзентханадағы дәрігерлер мен бала дәрігері немесе басқа саланың мамандары арасында байланыс бар болатын. Қазір осы байланыс үзіліп қалды. 


Перзентханадағылар баланы босандырса болды, ары қарай жауап бермейді. Біздің алдымызға келетін балалардың басым бөлігі туған кезде жарақат алатындар. Бұл мәселені түпкілікті зерттеп көргем жоқ, ол гинекологтарға немесе баланың туу кезінде қалай қабылдауына байланысты ма белгісіз, себептері көп. Біздің алдымызға мойын омыртқасының нотариалды зақымдалуы деген мәселемен келетіндер қатары артты. Соның салдарынан невропатологтарға жұмыс көбейіп жатыр. Егер гинекологтар жүкті әйелдерді дұрыстап босандырып, баланы жақсы қабылдаса онда мұндай жағдай болмас па еді деп ойлаймын. Медицинада баланың өмірге келетін интранаталды кезеңіне көңіл бөліп, сол тұсты жақсартса мұндай проблемалар азаяр еді. Ол үшін перзентханада гинеколог, невропатолог, басқа да мамандардың санын көбейту керек. Негізінен балалар босанған кезінде зақым алып жатыр. Кейін ондай балалар біздің алдымызға ем алуға келеді. 

Босану барысында зақым алған балалар кейін құлан-таза емделіп шыға ма? 

Мүлдем емделмейді деп айта алмаймын, емдеуге болады. Тек денсаулығында ақау барын дер кезінде анықтап, дәрігердің қарауына ерте әкелу қажет. Қазір технологияның дамыған заманы, балдалардың мойынын, жұлындарын УЗИ-ға түсіріп, қандай ақау барын ерте жасында анықтауға болады. Бұл дәрігерлерге үлкен көмек. Соның нәтижесіне қарап отырып баланың қай сүйек, қай жері зақымданғанын білеміз. Мойын, бел омыртқасының зақымдануы баланың болашағына әсер етеді. Қазір сөйлей алмай жүрген балалар өте көп. Кейбірі 3 жасқа дейін сөйлей алмай жүреді. Себебі сөйлеу сигналдары үзілген. Кейде дәрігерлердің немқұрайлығынан ол білінбей қалып жатады, «бәрі жақсы» деп, жылы жауып қоя салады. 


Одан кейін педиаторлар «бәрі дұрыс» деп екпесін салады, оның барлығы балаға теріс әсер етеді. Негізінде екпені дені сау балаға ғана салу қажет. Екпе адам миына нейротоксикалық әсер береді. Егер баланың денсаулығында қандай да бір ақау болса әрине екпе кері әсер етіп, ондай баланың ойлау жүйесі әлсіз болады. Сол үшін денсаулығында ақауы бар баланы 1 жасқа дейін толық емдеу керек. Оның емі көп, дәрі беруге де, массаж жасауға да, физотерапиямен емдеуге болады. Бастысы ауруды дер кезінде анықтап, бір жасқа дейін емдеп жіберу керек. Бас сүйек ішілік қысым деп жатамыз, ол да осы туған кезде зақым алғандар. Мәселен ьосану кезінде миына зақым келеді. Қан тамырлары аздап жарылады. Одан шыққан қан сол жерде жиналып, кейін сары суға айналады. Ол сарысуды мидан уақытында шығару қажет. Ол бала кішкентай болған кезде көп біліне бермейді, өйткені баланың ойлау қабілеті дұрыс дамымаған. Ал мектепке барар кезде сол ақаулардың бәрі шыға келеді. Бала ойлана алмайды, өйткені басы ауырады, ол жерде су ма бірдеңе бар. Сондықтан баланы бір жасқа дейін емдеген дұрыс. Кейде 12 жасқа дейін де емделіп кетіп жатады. Ол үшін анасы нақты отырып, дәрігердің айтақанын бұлжытпай орындауы қажет. 

Сонда бұрын мұндай аурулар бізде болмады ма? 

Совет кезінде жауапкершілік жоғары болды. Ана өлімі, бала өліміне қатты қарады. Мәселен бала ақаумен туса екінші кезеңге жіберілетін. Қазір бала туған соң 3-4 күнде перзентханадан шығарып жібереді, болды. Негізі ақаумен туған баланы екінші кезеңге жіберіп, оған ерекше күтім жасау қажет. Кейін учаскелік невропатологына тапсырса мұндай аурулар аз болар еді. Шыны керек қазір туған балалар бақылаусыз кетіп жатыр. Ары қарай поликлиникаң қарайды дегендей жібере салады. Ал поликлиникада қазір көбінде жастар отырады, олардың тәжірибесі жетпей қалуы мүмкін. Біз соларға кеңес беріп, көмектесуге тырысамыз. 

Одан бөлек қазір балалар арасында аутизм көп. Баланың ми бөлігінде – мұқияттылық, назар аудару, сөйлеу орталығы және интеллектуалды даму орталығы бар. Егер баланың назар аудару, интеллектуалды даму орталығында сарысу болып, оны емдемесе оның арты осы аурурға әкеледі. Бала туған кезде қатты күйзеліске ұшырап, миына оттегі жетпей қалған кезде пайда болады бұл. Оның бәрі тағы да сол гинекологтармен байланысты. Аутизм деген интеллектісі жоқ бала. Ондай балдаларды оңалту өте қиын, әсіресе екі жастан асып кетсе. Әрі ондай балалар әлеуметтік көмекті қажет етеді. 

Егер баланы кесер тілігі арқылы алса мұндай аурулар болмас па еді? 

Ол жерде де қауіп көп. Кесер тілігін жасағанда баланың мойынын тартады. Бұл жерде де тамырлар үзіліп, зақымдануы мүмкін. Негізі ғалымдар кесер тілігін жасағанда баланы бірден суырып алмай, оны толғақ сияқты ақырындап сипалап отырып, біртіндеп шығару қажеттігін айтады. Бізде ешкім олай істеп отырмайды, баланың басынан ұстап бұрап тартып алады. Бастысы бала тірі ме, анасы тірі ме болды, шығарып жібере салады. Кейін баланы тексерсең мойын омыртқасы зақымданған болып шығады. Негізі бұрын кесер тілігі ана үшін де, бала үшінде қауіпсіз деп айтылатын. Бірақ біздің дәрігерлер сол кесер тілігі кезіндегі тәсілдерді толық орындай бермейтін сияқты. Неонатологтармен жұмыс істеп жүргенімде перзентханада болдым, сонда баланы қалай тартып алып жатқанын көріп өзім шошып кеткенмін. Ол жақта көп істемегендіктен бәрі солай деп айта алмаймын. Дегенмен баланың өмірге әкелу кезеңіндегі жұмысты бақылауға алып, дұрыстау керек сияқты. 


Өзіңіз медициналық мамандыққа қалай келдіңіз, сол жайында айтып берсеңізші? 

1988 жылы Ақтөбе медициналық институтын бітірдім. Негізгі мамандығым бала дәрігері. Оқу бітірген соң туған елімде 3 жыл жұмыс істедім. Ауылдағы учаскелік ауруханада бас дәрігер болдым, кейін аудандық ауруханада педиатор болдым. Кейін Алматы медициналық институты педиатрия факультетінің клиникалық ординатурасына түстім. Оқуымды жалғастырып жүргенімде бала невропатологиясы маған қатты ұнады. Содан алты айлық курсынан өттім. Кейін бала дәрігері болам деп жүргенде қазақ тілін жақсы меңгергенім үшін оқу орынның педиатрия кафедрасы меңгерушісіне асистент ретінде жұмысқа шақырды. Сол кезде мен бірден төртінші курс студенттеріне сабақ бере бастадым. Өзім жас болғандықтан маған өте қиын болды. Ауылдың дәрігері болып жүрген адаммын, институтта сабақ беру ойламаған жағдай болды. Қайткенмен бәрін еңсеріп шықтым, осылайша менің мединституттағы өмірім басталды. Ол қазір С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті деп аталады. 


Университет те сабақ бергенімен менің невропатология бойынша мамандығым болды. Сабақ беріп жүрген кезде де сол бойынша кеңес беріп, қолданып жүрдім. Бірақ ресми түрде жұмыс істегем жоқ, негізгі жұмысым университетте сабақ беру болды. Кейін отбасын құрып, балаларым өмірге келді. Арасында бала бағу бойынша демалысқа шығып жүрдім. Сөйтіп 2003 жылы клиникалық формакология ЛФК физиотерапия кафедрасына шақырды. Қазір сол кафедрада істегеніме 17 жыл болды. Ол жерде бағыт-бағдар беріп, ғылыми жұмыстарға баулыған мықты профессор, ұстаздарым болды. 

Университетте жұмыс істеп жүргенімде бізде клиникалық бөлім деген бар. Ол жерде міндетті түрде клниикада науқастармен жұмыс істеп, студенттерге ем-шараның барысын көрсетуіміз керек. Менің кафедрамның аты клникалық формакология болған соң студенттерге дәрілерді қалай тағайындау қажеттігін түсіндіремін, одан бөлек оның адам ағзасына қандай зияны барын бәрін түсіндіремін. Дәрілерді жөн-жоқсыз бере беруге болмайды, соның бәрін үйретеміз, оның бәрі клиникада аралас жүру керек. Менің базам қалалық №4 балалар поликлиникасы, ол жерде бала дәрігері невропатолог болып көмек көрсетемін. Университетте қандай ғылыми жаңалықтар бар соның бәрін сол жердегі дәрігерлерге түсіндіріп, қосымша көмек береміз. 

Еліміздегі медициналық университетке тапсыратындар саны өте көп, алайда қай жерге барсаң да дәрігерлер тапшы дегенді естиміз. Оның себебі неде? 

Ол рас, дәрігерлердлің ақшасы төмен болғандықтан көпшілігі фармация саласына кетіп қалады. Кейбірі жеке клиникаларға барады. Қазір біздің университетте педиатрия, жаплы тәжірибе дәрігері санын көбейтіп жатыр. Бұрын бала дәрігері мен терапевт бөлек дайындалатын. Қазір жалпы тәжірибе дәрігері, біз соған бейімделе алмай жатырмыз. Негізі бұрынғы бала дәрігерін қалдыру керек. Өйткені педиатрия факультетін алып тастағанда көптеген қиындықтар болды. 

Биыл бұл мамандықтарға мемлекеттік гарнт та көп бөлінді, тапсырушылар да көп. Менің бір арманым осы дәрігерлерге жақсы жалақы тағайындап, жағдайларын көтерсе. Ол халыққа да оң әсер ететін еді. 

Өзіңіз неліктен бала дәрігері болуды қаладыңыз? 

Балалармен жұмыс істегенді қатты ұнатамын. Кіршіксіз таза сәбилермен жұмыс істегенді жаным жақсы көреді. Өзімді бала дәрігерісіз, бала невропатологысыз елестете алмаймын. 


Бала дәрігері болғандықтан отбасында бала денсаулығына өте мұқият қарайтын шығарсыз? 

Әрине бала тәрбиесі, денсаулығы әрдайым жіті бақылауымда. Бірде ұлымның мұғалімі «аналарың сендерге қаншалықты назар аударады» деп сұрапты, сонда ұлым «менің анам 100 пайыз менімен бірге, ол мені күні-түні назарда ұстайды» деп жауап беріпті. Сол сөз рас, балам тек ұйықтар кезде ғана қасымнан кететін. Ұлым мен қызыма өте көп көңіл бөлдім, олардың салауатты өмір салтын ұстануына зер салдым. Қазір екеуі де спортшы. 

Мәнерлеп сырғанаудан жеткен жетістері көп. Ұлым Темірлан Ержан 14 жасында Америкаға кетті. Қазір ол 24 жаста, биыл Алматыдағы Спорт және туризм академиясын тамамдады. Негізі Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясының атынан өнер көрсетеді. Өткен жылы Монреаль қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама алған, алайда пандемияға байланысты қатыспай қалды. Одан бөлек төрт құрылық сайысына жолдама алып, жақсы өнер көрсетті. Қызым Мәдина да сол мұз айдынында билейтін. Бірақ ол сайысқа қатысуды доғарып, қазір АҚШ-та бапкерлікпен айналысып жүр. Ол америкалық баламен бірге өнер көрсетіп USFC байқауының алтын иегері атанған, бұл біздегі спорт шебері деген сияқты атақ. Қызым қазір 20 жаста, Спорт және туризм академиясында оқиды. Сабақтарының бәрі онлайн өтеді. 

Ал күйеуім көп жылдар телеарнада, «Қазақфильмде» АҚ-да оператор болып жұмыс істеді. Қазір тәуелсіз оператор. Аты-жөні Мұхтар Ержанов. Ол «Баһадүр», «Кеш келген махаббат» фильмдерін түсіруге қатысты. Көптеген деректі фильм түсірді, Құман Тастанбеков ағаның фильмдерін де түсірді. Көп жыл КТК телеарнасында жұмыс істеді. Қазір «Қазақфильм» киностудясында тәуелсіз оператор. 

Әңгімеңізге рахмет!


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы