Нұр-Сұлтанда "Жақсылық жаршысы" акциясы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Марафон COVID-19 инфекциясына қарсы күреске жұмылдырылған медициналық мекемелерге және мұқтаж жандарға қол ұшын созуға бағытталған.

Елордалық кәсіпкерлер республикада алғаш болып, "Атамекен" ҰКП және "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған "Жақсылық жаршысы" қайырымдылық марафонына қатысты. Марафон коронавирустық инфекцияға қарсы күреске жұмылдырылған медициналық мекемелерге және мұқтаж жандарға көмектесуге бағытталған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасы алаңында елордалық бизнесмендер азық-түлік өнімдері, бірінші қажеттіліктегі тауарлар, медициналық препараттар, қаржылай көмек жинады. Жиналған қор еріктілердің көмегімен қиын жағдайда қалған отбасыларға таратылды. 
Қайырымдылық акциясына қатысу туралы үндеуімізге қала кәсіпкерлерінің қолдау білдіргені қуантады. Белгілі қайраткерлер Айгүл Мүкей, Қыдырәлі Болман, Маржан Арапбаева, Мөлдір Мұқанова, Айдын Жақыпов және елорданың танымал блогерлері де атсалысты. Кәсіпкерлер палатасы алаңында кәсіпкерлер азық-түлік жиынтықтарын жинап, мұқтаж отбасыларға таратты, – деді ӨКП директорының орынбасары Нұрлан Қаиршин. 
 #ЖақсылықЖаршысы марафоны бүгін Нұр-Сұлтан қаласында басталып, ары қарай өңірлерде жалғасын табады. Акцияның үйлестірушісі "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігі. Лима Диас бастаған Қоғамдық бақылау тобы акцияға науқанның барысын бақылаушылар ретінде қатысады.  Акцияға кез келген адам қатыса алады. Көмекті қаржылай, азық-түлік түрінде немесе қызмет көрсету, мүмкін болатын жеңілдіктер жасау арқылы немесе ерікті ретінде атсалысуға болады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы