Нұр-Сұлтанда үздік әскери оркестрлер сынға түседі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінде ҚР Қарулы Күштері мәдени орталықтары әскери оркестрлерінің, дирижерлері мен музыканттары байқау-конкурсының шешуші кезеңі өтуде. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Әртүрлі өңірлік қолбасшылықтардың, оқу орындары мен қазақстандық армия әскери бөлімдерінің намысын қорғайтын сегіз әскери оркестр құрамында 140-тан астам әскери музыкант өздерінің музыкалық шеберліктерін паш етеді.Қатысушылар екі санат бойынша сынға түседі: 18-35 музыканттан құралған әскери оркестр және құрамында 16 музыкантқа дейінгі әскери оркестр. Оркестрлер ҚР Мемлекеттік әнұранын, үш сапта және қарсы марштарды, әскери-патриоттық тақырыпта саптық әнді, сондай-ақ ерікті бағдарламада – ұзақтығы 10 минутқа дейінгі оркестрлер дефилесі мен 20 минуттан аспайтын концерттік репертуарды орындайды. Шығармаларды ұжымдар өздері таңдайды. Бұл ретте концерттік репертуарда қазақстандық сазгердің кем дегенде бір туындысы болуы тиіс.
Музыкалық аспаптарда ойнау дағдыларынан басқа байқауда оркестр жеке құрамының сыртқы келбеті мен әскери дирижердің шеберлігіне, бір орында және қозғалыста музыкалық аспаптармен саптық амалдарды орындау шеберліктеріне баға беріледі.
Сайыс Нұр-Сұлтан қаласы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімінде, сондай-ақ ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының концерт залында өтеді.
Тағы бір жанды қойылымды елорда қонақтары мен тұрғындары «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығында тамашалай алады. Әскери музыканттар әлемдік танымал әуендерді, соның ішінде, қазақстандық композитор А.Бестібаевтың «Азия дауысы», АВВА тобының «Gold» әнін орындайды.
ҚР ҚК Орталық әскери оркестрінің бастығы капитан Алмас Ибрагимовтің төрағалық етуімен кәсіби әділқазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, байқаудың өту барысын қадағалайды. Олардың құрамына аға әскери дирижер капитан Данияр Бөлтіріков пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, әскери музыканттар кірді.
Конкурстың қорытындысы 20 қыркүйекте белгілі болады. Әр санаттағы жеңімпаздар мүсіншелермен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Бұдан басқа, әділқазылар Бас жүлде иегерін, әр сайыс күніндегі үздік әскери дирижер мен музыканттарды анықтайды.
Іс-шара соңында сайыс жеңімпазының, байқау-конкурсы лауреаттарының, Қазақстан Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі және Орталық ансамблінің қатысуымен гала-концерт өтеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы