Нұр-Сұлтанда Тұрғын үй жинақ банкінің жаңа кеңсесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл елордамызда "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 700 отбасыға жеңілдетілген займ берілді. 

Талай отбасының баспаналы болу туралы арманының орындалуына мемлекет көмектесіп отыр. Несие мөлшерлемесі бар болғаны 2 пайыз "Бақытты отбасы" бағдарламасы болмағанда әлі де біреудің босағасында жүрер ме едік дейді елордалық Әйгерім Мұзапарова. Жолдасы Серік Әлиханов екеуі 11 жыл бойы үй жалдап келген. 4 балалы отбасына биыл 3 бөлмелі баспана бұйырды.

"Бақытты отбасы" бағдарламасымен құны 15 млн теңгенің пәтерін 19 жылға жылдық 2 пайызбен несие рәсімдедік. 2019 жыл біз үшін құтты жыл болды,- дейді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған көпбалалы ана.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Әйгерім секілді ұзақ жыл армандап жүріп, "Бақытты отбасы" бағдарламасымен баспанаға қолы жеткен елордалық отбасылардың бала-шағасы үшін жаңажылдық таңертеңгілік ұйымдастырды. Балалар Аяз Ата мен Ақшақардың қолынан сыйлық алды.

Бұл жаңа жыл мерекесі алдында салымшыларымызға арналған бір тарту. Бүгінде бүкіл ел бойынша "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 4 мыңға жуық отбасы баспаналы болып, қоныс тойын атап өтті. Үйлі болғандардың арасында 700 отбасы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады,- дейді ТҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Елордалық Гүлмира Әлдибекова да асығы алшысынан түсіп, жеңілдікпен несие алып, қоныс тойын тойлаған жандардың бірі. Жолдасымен 3 қыз тәрбиелеп отыр, оның кенжесі мүгедек. Ол мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы ретінде 2 бөлмелі үй алған.

7 жыл бойы жалдамалы пәтерге ай сайын 100 мың теңгеден қаражат салып келдік. Қазір өз үйіміз үшін ай сайын 79 мың теңге ғана төлеп отырмыз,- деп қуанышымен бөлісті Гүлмира.
Өзі де, жолдасы да бірнеше жыл мемлекеттік қызметте істеп келіпті. Тапқаны нан-шайынан артылмайтындықтан, тұрғын үй алуға қомақты қаражат жинай алмаған. Ал мына "Бақытты отбасы" бағдарламасы нағыз біз секілді жанұяларға арналған дейді ол.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 2%-дық несие көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар жанұяға беріледі. Жобаға қатысу үшін баспанаға мұқтаж отбасы ретінде әкімдікте кезекте тұруыңыз шарт. Ипотека 20 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна мөлшері заем сомасының 10 пайызын құрайды.


Жалпы, биыл елордада "Бақытты отбасы" бағдарламасымен 700 отбасы жеңілдетілген несие алды. Салымшылардың балаларына арнайы ұйымдастырылған жаңажылдық таңертеңгілік Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа филиалының ашылуымен тұспа тұс келді. Бөлімше Нұр-Сұлтан қаласында Рақымжан Қошқарбаев көшесі, 26 үй мекенжайы бойынша орналасқан.

Ғимараттың ашылу салтанатына қала әкімі Алтай Көлгінов пен "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов қатысып, 250 бүлдіршінге жаңажылдық сыйлық таратты. 2 мың 700 шаршы метр аумақты алып жатқан жаңа филиал енді банктегі кезек мәселесін түбегейлі жояды дейді мамандар. Бүгінде 208 мың елордалық азамат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозит ашып, оның салымшысы атанған.

Елордалық Қайрат Әлімжанов бұл жоба әлі талай отбасын баспаналы етіп, бақытқа бөлейтініне сенімді. Теміржолшы арзан болған соң, 4 баласымен қала сыртындағы Көктал ықшам ауданында пәтер жалдап жүріпті. Енді 2 бөлмелі пәтер үшін айына 49 мың теңгеден төлейтін болады. Отағасы мемлекеттік бағдарламаға іліккені үшін дән-риза.   

Айта кетейік, "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша пәтерден бөлек, жер үй сатып алуға да болады. Айта кеткен жөн, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында тұрғын үйге банк 15 млн теңгеге дейін несие бере алады. Ал қалған өңірлерде өтініш беруші банктен 10 млн теңгеге дейін қаражат ала алады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы