Нұр-Сұлтанда сыни ойлау мектебі ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада жастардың медиа сауаттылығын арттыруға бағытталған "True or False" жобасы басталды, соның шеңберінде сыни ойлау мектебі іске қосылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Жоба қалалық Қоғамдық даму істері басқармасының бастамасымен жүзеге асырылуда.
Биылғы жылдың қазан мен қараша айлары аралығында жастарға арналған киберқауіпсіздік, психология және коммуникация саласындағы жоғары білікті мамандар тренингтер топтамасын өткізеді.
Интернетте ұсынылған ақпаратқа сыни көзбен қарай білу адамға виртуалдық және шынайы әлемді ажыратуға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар ғаламторда жиі кездесетін жалған ақпаратты жүрегіне жақын қабылдамай, өз психикасын сақтауға көмектеседі.
"Жастар ақпараттың таратылу жылдамдығы және технологиялардың қарқынды дамуына дайын болуы тиіс. Тақырыптың өзектілігіне байланысты аталмыш жоба ұйымдастырылды", - деп атап өтті жобаның ұйымдастырушылары.
Жобаға қатысу өтініштері 2019 жылғы қыркүйектен бастап 3 қазанға дейін қабылданды.
Нәтижесінде 300-ге жуық үміткерлер тіркелді, олардың 62 - орта мектеп оқушысы, 167- студент, 57 - жас маман. Жалпы үміткерлер арасынан 180 тыңдаушы таңдалды. Олар сыни ойлау және кибер кеңістіктегі ақпаратты талдау дағдыларын жетілдіру бойынша тренингтер топтамасына қатысуға мүмкіндік алды. Үш апта ішінде жастар киберқауіпсіздік және коммуникация саласындағы жетекші сарапшылардың курстарынан өтеді. Жоба нәтижелері бойынша қатысушылар арасында медиа сауаттылық бойынша чемпионат өткізу жоспарланған.