Нұр-Сұлтанда PATA Travel Mart 2019 көрмесі өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан астанасында алғаш рет 2019 жылдың 18-20 қыркүйегінде Азия-Тынық мұхиты туризм қауымдастығының (Pacific Asia Travel Association – PATA) қамқорлығындағы PATA Travel Mart халықаралық туристік көрмесі өтеді.
Бүгін Ташкентте Өзбекстанның туризмін дамыту жөніндегі Мемлекеттік комитетінің қолдауымен «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының өкілдері өзбек тур компанияларына арналған көрмені таныстырды.
Көрменің ұйымдастырушылары - Азия-Тынық мұхит туристік қауымдастығы (PATA), Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және "Kazakh Tourism "ҰК"АҚ.
"Нұр-Сұлтан қаласы осы көрмені Азияның ірі қалаларымен бәсекеде өткізу құқығын жеңіп алғаны біздің елордамыздың өңірдегі іскерлік және оқиғалы туризм орталығы ретіндегі мәртебесін растап отыр. Осы көрмеге әлемдегі 1000 жуық қауымдастықтың мүшелері келуде, оның ішінде біздің мақсатты нарықтарымыз Азия мен Еуропа елдерінен келеді. Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия аймағына осы нарықтардағы туристер тарапынан қызығушылық арта түсетініне сенімдіміз",- деп атап өтті "Kazakh Tourism "ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов.
Көрме жыл сайын PATA-ның қамқорлығымен, 1978 жылдан бері 44 қалада 40 мыңнан астам делегатпен қамтылған. Соңғы он жыл ішінде көрмені Макао (2010, 2017), Дели (2011), Манила (2012), Чэнду (2013), Пномпень (2014), Бангалор (2015), Джакарта (2016), Лангкави (2018) қалалары қабылдаған. Өткен жылы көрме 12-14 қыркүйек аралығында Малайзияның Лангкави аралында өтті. Оған әлемнің 33 елінен 389 экспоненттері қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға 241 ұйымнан 252 туроператор қатысты.