Нұр-Сұлтанда мамандандырылған ХҚКО-да жүргізуші куәліктері заңсыз беріліп келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «AntikorNews» алаңында аптадағы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бегайдаров айтып берді.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ХҚКО арқылы жалған медициналық анықтамалар мен автомектептер бітіру туралы куәліктерді қолданған. Олар азаматтарды оқытпай, теориялық және практикалық емтихандар тапсыртпай жүргізуші куәліктерін сыйақыға берген. Куәлікті 80 мыңнан бастап 120 мың теңгеге дейінгі сыйақыға заңсыз беруді ұйымдастырған бір топ адамға қатысты тергеу басталды, - деп хабарлады тергеуші.

Ол айтқандай, аз уақыт аралығында 2 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілгені анықталған. 

Тексеру кезінде 7 мектеп мөрі, 479 бітіру туралы куәлік бланкісі мен адамдардың сауалнамалық деректері толтырылмаған, дәрігерлердің қолдары мен мөрлері қойылған №086 үлгісіндегі жалған медициналық анықтамалар табылды, - деп айтты Данияр Бегайдаров.

Істің бас фигурантына қатысты 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Тергеу жалғасуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы