Нұр-Сұлтанда «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие орталығы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында ұлы ғұламаның 1150 жылдығын мерекелеу аясында «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие орталығы ашылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өтілуде. Осыған байланысты ҚР Үкіметінің қаулысымен оқушылар сарайына әл-Фарабидің есімі берілді.


Есімі еленгеннен кейін әл-Фарабидің мұрасын жинақтауды қолға алдық. Тәрбие-оқу жұмысына қажетті дүниелер бір жүйеге келтірілді. Соның бір көрінісі ретінде бүгін «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие орталығы ашылып отыр. «Әл-Фараби әлемінің» негізгі мақсаты – жас ұрпаққа әлемнің «Екінші ұстазы» атанған бабамыздан қалған мол мұрасын таныстыру. Мынадай сөз бар ғой, «Фарабиді әлем біледі – қазақ білмейді, Абайды қазақ біледі – әлем білмейді» деген. Осы ретте ғылым, тәрбие, музыка саласындағы әл-Фарабидің барлық еңбегін жинақтап, жазған ой-пікірлерін жинақтап, балаларға түсіндіру. Осылайша Фараби бабамыздың әрбір жақсы қасиеттерін балаларымыздың бойынан көргіміз келеді, - деді орталықтың ашылуы барысында әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай.

Орталық бірнеше бөлімнен тұрады.

 

Оның Әл-Фараби және грек ойшылдары деген бөлімінде Фараби, Аристотель, Платонның еңбектеріне түсініктеме жазылған.


«Әл-Фараби және ғылым» бөлімі. Әл-Фараби жан-жақты адам болған. Мұнда астрономия, математика, химия, медицина, логика, музыка, тәрбие бағытындағы еңбектері жинақталған.


«Әл-Фараби және өнер» бөлімі. Мұнда философтың үлкен трактаты бар. Ол еңбегі «Фараби және музыканың үлкен кітабы» деп аталады. Сондай-ақ, «Әл-Фараби және поэзия» және «Әл-Фараби және шешендік өнер» бөлімі бар. Онда ғұламаның риторика еңбегіне байланысты талдаулары ұсынылған.

«Әл-Фараби және тәрбие» бөлімі. Бүгінгі таңдағы бізге керек тәрбие жайында айтылады. Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындарының» өзі үлкен жұмыс. Трактатта айтылған әр жолдарын, саналы адам қандай болуы керек, ел басқаратын адам қандай болуы керек, оның бойындағы кездесетін ізгі қасиеттер, адамгершілік, ар әлемі туралы айтылады.


Әбу Насыр Әл-Фарабидің философияға, логикаға, метафизикаға, жаратылыстану ғылымына қосқан үлесі орасан зор. Оның шығармашылық мұрасы мен өмірлік өнегесі – қазақ халқының баға жетпес құндылығы.


Балаларға орталыққа кіру үшін үйірме, экскурсиялар ұйымдастырылады. Оқушылар сарайына келетін балалар көп. Спорт, өнер, музыка бөліміне келген балаларға орталыққа тур ұйымдастырылып тұратын болады. Дегенмен қашықтан оқыту болғандықтан экскурсия, үйірмелер қыркүйектен басталмайды. Алайда қазақтың әр баласы әл-Фарабидің Түркі әлемінің үлкен ғұламасы, біздің дана бабамыз екенін біліп, түсініп, соны мақтанатын деңгейінде болуы керек, - дейді Ербол Исламұлы.



Бұл кей деректер бойынша Иранда шыққан әл-Фарабидің маркасының көшірмесі және Америкада шыққан медаль. 




Салтанатты шара барасында ғалымның бюсті ашылды. Бұл жұмыстың авторы суретші Бақытжан Арипов.



Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының аспаптық музыка бөлімінің оқушылары белгілі композитор К. Күмісбековтің «Фараби сазы» шығармасын қонақтарға орындап берді.

 


«Адамға тән бір жақсы қасиет – өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу»


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы