Нұр-Сұлтанда ДСҰ-ның 12-министрлік конференциясы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың Женеваға сапары аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы ДСҰ-ның 12-министрлік конференциясын өткізу туралы келісімге қол қойылды.

Ведомстводан хабарлағандай, ДСҰ бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанды 12-ші министрлік конференциясының төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтап, еліміз өткізетін халықаралық сауда саласындағы жаһандық іс-шараға дайындық шеңберінде ДСҰ-ның тығыз ынтымақтастыққа дайындығын растады.

"Министр Сұлтанов ДСҰ-ның алдағы министрлік конференциясының ықтимал субстантивтік қорытындыларын талқылау мақсатында ДСҰ-ға мүше елдердің негізгі елшілерімен кездесті. Кездесу барысында ол бүгінгі көпжақты сауда жүйесі протекционизм және бір жақты сауда шаралары түріндегі теңдессіз сын-қатерлерге тап болатынын атап өтті. Осыған байланысты министр маңызды шешімдер қабылдау мақсатында 2020 жылы Нұрсұлтан қаласында ДСҰ-ға ағымдағы сын-қатерлер мен қажеттіліктерге толық сәйкес келуге мүмкіндік беретін белсенді бірлескен жұмысқа шақырды", - делінген хабарламада.

ДСҰ-ның 12-министрлік конференциясының күн тәртібіндегі негізгі келіссөз бағыттары ДСҰ-ны реформалау мәселелері, қызметтерді реттеу, инвестициялар мен электрондық саудаға жәрдемдесу саласындағы жаңа жаһандық ережелер, сондай-ақ балық аулау субсидиялары бойынша келіссөздер болады деп күтілуде.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы