Нұр-Сұлтанда 1,5 мың медицина қызметкері сыйақы алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада коронавирус індетімен күресіп жатқан 1,5 мың медицина мамандарына сыйақы берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елордада 1,5 мыңға жуық медицина қызметкері коронавируспен күресіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, медицина қызметкерлеріне сыйақы берілді. Елбасының тапсырмасы бойынша "Біз біргеміз" қорынан коронавируспен ауырған пациенттермен тікелей байланыста жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлеріне қосымша қаражат бөлінді, - делінген әкімдіктің ресми сайтында.
Сонымен қатар коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлері қонақүймен, көлік және ас-сумен қамтамасыз етілген. Емханалар мен ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлер үшін де көлік ұйымдастырылған. Көлікті CTS компаниясы ұсынған.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстемеақы белгілеу туралы шешімді бекіткен.
Төлемдер індетті жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 ай бойы жүргізіледі:
"Қауіптілігі аса жоғары" – реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды (Жалақының ең төменгi мөлшерi (ЖТМ), 850 мың теңге).
"Қауіптілігі жоғары" – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстеме ақы 10 ЖТМ (425 мың теңге) құрайды.
"Қауіптілігі орташа" – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстемеақы 5 ЖТМ (212,5 мың теңге) құрайды.