"Нұр-Сұлтан - Алматы-2" бағытындағы жолаушылар пойызынан ақау шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Алматы-2" бағытына қатынайтын №04 жолаушылар пойызы техникалық ақауға байланысты "Бабатай-Аршалы" аралығында кідірді.
Бұл туралы "ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ мен "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Жолаушылар пойызы жүріп бара жатқанда «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Қарағанды бөлімшесінің Бабатай станциясының кезекшісі Қарлығаш Маусымбаева бөтен дыбысты естіп қалып, сол кезде ол туралы пойыз машинисіне хабарлап, пойыз сол мезетте жедел түрде тоқтатылады. Пойызды сыртынан тексеру кезінде вагонның доңғалақ жұптарының бірінен ақау анықталған, бұл құрамның қозғалыс қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін еді, - делінген хабарламада.
"Жолаушылар тасымалы» АҚ ақауды жөндеу кезінде вагон-мейрамханада жолаушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырып, жол жүру құжаттарын (билет) қайтаруларына мүмкіндік жасалып, "Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Алматы-2" бағытына қатынайтын №04 пойыз Нұр-Сұлтан қаласынан 2020 жылдың 15 қаңтары сағат 03.19-да жөнелтілген.
"Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Алматы-2" бағытына қатынайтын №04/03 пойызы тоқтатылған уақытта ондағы жолаушылардың жалпы саны – 280 болған, оның 62-сі Нұр-Сұлтан-1 станциясында жол жүру құжаттарын кері қайтарған, ал қалған жолаушылар сол пойызбен сапарын жалғастырды. "Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Алматы-2" бағытына қатынайтын №04 пойызына Қарағанды станциясынан кесте бойынша 105 жолаушы отыруы тиіс болатын. Алайда, №04/03 пойызының кешігуі себебінен 96 жолаушыны Қарағанды арқылы өтетін басқа пойыздарға бөліп отырғызуға тура келді, ал 9 жолаушы жол жүру құжаттарын (билеттерін) қайтаруды жөн көрді, - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Тасымалдау ережесіне сәйкес жолаушылар әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3% мөлшерінде өтемақы немесе жол жүруден бас тартып, билет құның 100% қайтарып алуларына болады. Ол үшін жолаушы межелі станцияға келген соң кезекшіден пойыздың кешіккендігі туралы белгі алуы керек және жол ақысын алу үшін "Жолаушылар тасымалы" АҚ кассасына жүгінуі тиіс.