Мюнхенде құрғақшылыққа байланысты ауыз суды пайдалануға шектеу енгізілді
Шектеулер әзірге 1 тамызға дейін күшінде болады, қажет болған жағдайда оның мерзімі ұзартылуы мүмкін.
Германияның Мюнхен қаласында аптап ыстық пен құрғақшылық салдарынан ауыз суды пайдалануға уақытша шектеулер күшіне енді. Билік бұл шешімді сумен жабдықтау жүйесіне түсетін жүктеменің күрт артуымен түсіндірді. Бұл туралы Süddeutsche Zeitung басылымы жазды.
Қалалық климат департаментінің мәліметінше, тұрғындарға жеке бассейндер мен ванналарды ауыз сумен толтыруға тыйым салынды. Сондай-ақ күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін бақшалар, көгалдар мен жасыл желектерді ауыз сумен суаруға болмайды. Бұл талап ауыл шаруашылығы алқаптары мен зираттарға қолданылмайды.
Бұдан бөлек, тұрғындарға көліктерін коммерциялық көлік жуу орындарынан тыс жерде жууға, сондай-ақ өзендер, көлдер мен бұлақтардан су алуға тыйым салынды. Шектеулер әзірге 1 тамызға дейін күшінде болады, қажет болған жағдайда оның мерзімі ұзартылуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, маусым айының соңында Мюнхенде тәуліктік су тұтыну көлемі 400 миллион литрден асып кеткен. Үнемдеу шараларынан кейін бұл көрсеткіш уақытша төмендегенімен, кейін қайтадан тәулігіне 370 миллион литрге жеткен.
Осыған байланысты коммуналдық қызметтер бірқатар ұңғымалардың жұмысын тоқтатып, қызметтік көліктер мен терезелерді жууды шектеген. Қала билігі тұрғындарды суды үнемдеуге шақырып, белгіленген талаптарды бұзғандарға 50 мың еуроға дейін әкімшілік айыппұл салынатынын ескертті.