Мысты өңірде "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы қалай жүзеге асып жатыр

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасы еліміздегі "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы шеңберінде жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы орталық аудандық ауруханалар етіп қайта құрылатын 32 орталық аудандық аурухананың қатарына кіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңаарқа ауруханасында ауылдық аудан орталығында "алтын сағат" қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде толық көлемде шұғыл медициналық көмек көрсетуді, сондай-ақ қалалық, облыстық клиникаларға бармай-ақ мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті қамтамасыз етуге жағдай жасауды көздейтін үлкен дайындық жұмыстары басталған болатын.

Жаңаарқа хирургтері мұндай ота жасау мүмкіндігіне медицина мекемесінде биылғы жылы орнатылған аз инвазивті эндоскопиялық араласуларға арналған жүйе арқасында ие болып отыр. Жабдықтарды сатып алуды Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы қаржыландырған.

Эндоскопиялық құралдар икемді немесе қатты эндоскопты қолдана отырып, аз инвазивті хирургиялық араласуға арналған. Бұл жабдық ішкі ағзалардың жағдайын дәл диагностикалауға, бар ауруларды зерттеуге және дұрыс емдеуді тағайындауға мүмкіндік береді. Осындай заманауи, жоғары деңгейдегі жабдықты пайдалана отырып, хирургиялық операцияны орындау Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының денсаулық сақтау саласы үшін үлкен жетістік және тарихи оқиға болып табылады.

Жоғары санатты білікті хирург Ибрагим Сайлаубайұлы жасаған аудандағы алғашқы эндоскопиялық операция сәтті өтті. Болашақта мұндай хирургиялық операциялар жоспарлы түрде жүзеге асырылады.

Қазақстанда ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында 2023 жылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобада қарастырылған міндеттердің бірі қазіргі заманға сай медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпсалалы орталық ауданаралық ауруханалар желісін ұйымдастыру болып табылады. Мұндай ауруханалар бірнеше елді мекендердің, соның ішінде көрші аудандардың халқына да қызмет көрсететін болады. Жаңаарқа ауданының көпбейінді орталық ауруханасы осы деңгейге сай, жаңа дәрежеде жұмыс істеуге лайық деп танылып отыр.

Ұлттық жоба аясында биыл Жаңаарқа ауданының көпбейінді орталық аудандық ауруханасы жанынан 250 адам қабылдайтын емхана пайдалануға берілген болатын. Қос қабатты жаңартылған ғимараттың аумағы 1500 шаршы метр. Жаңа емханаға 400 млн теңгеге жиырмаға жуық заманға сай медициналық құрылғылар сатып алынды. Емханада сырқаттарды қабылдайтын тіс дәрігері, дерматолог, онколог, невропатолог, көз дәрігері, хирург, эндокринолог және басқа да мамандардың 25-ке жуық кабинеттері жұмыс істейді. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сай диагностикалық-қабылдау бөлімшесі салынбақшы. Аурухананада стационарлық 10 төсектік инсульт бөлімшесі ашылды. Енді политрамва, реанимация, кардиология бөлімшелерін ашу жоспарланып, қажетті жабдықтар алу көзделуде. Өткен жылы респуликалық бюджеттен бөлінген 547,3 млн теңге қаржыға және өз қаражаты есебіндегі 3,5 миллион теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынған болатын. Ауруханаға алдағы уақытта республикалық бюджет есебінен 154 млн теңгеден астам қаржыға медициналық жабдықтар алынатын болады.

Емдеу мекемесіндегі жаңғырту жобасы бойынша жаңа технологиялардың жаппай енгізілуі тұрғындарға өз өңірлерінде сапалы медициналық қызметтер алуға жол ашады. Қазір қызмет көрсету деңгейінің кеңеюіне байланысты аурухананың жаңа штаттық кестесі жасалып жатыр. Жаңа дәреже деңгейінде жұмыс істейтін ауданаралық ауруханада енді инфаркт, инсульт, жарақаттану және басқа да жағдайлар бойынша түскен сырқат адамдарға қалалық, облыстық клиникаларға бармай-ақ, шұғыл әрі толық көлемде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жасалатын болды.

Алғаш рет Ұлытау облысының аудандық ауруханасында лапроскопиялық ота жасалған болатын. Осы жөнінде және аурухананың басқа да жетістіктері туралы Жаңаарқа аурханасының директоры Ерлан Базарбековтен сұрап білген едік.

«Өздеріңізге белгілі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасына сай елімізде 2023-2025 жылдар ішінде ауыл медицинасын модернизациялау ұлттық жобасы іске асып жатыр. Осы жобаның аясында біздің Жаңаарқа аудандық көпбейінді ауруханасы да жаңару, өзгеру үстінде. Осы жоба аясында үлкен стационарлық корпусқа күрделі жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып отыр, - дейді Ерлан Наурызбайұлы.

Оның мәліметінше, бүгінгі таңда барлық жобалау-сметалық құжаттары дайын болып, мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесін алып, жақын арады құрылыс жұмыстары басталады.

«Сондай-ақ осы корпустың жанынан жаңадан диагностикалық қабылдау бөлімі құрылысы жобаланып жатыр. Талаптарға, стандарттарға сай, заманауи құрылғылармен жабдықталған қабылдау диагностикалық бөлімі болады. Ол бөлімде ангиограф болады, магнитті резонансты тамограф, электрондық түрлендіргіш , күрделі травматологиялық артопедиялық операцияларды видео рентген, видео арқылы қадағалап отырып жсауға мүмкіндік туады», - дейді ол.

Ерлан Наурызбайұлы Ұлттық жоба аясында ауруханада бүгінгі таңда инсультті орталық жұмыс істеп отырғанын айта кетті.

Сонымен қатар компьютерлік томография аппараты жұмыс істейді. Кардиологиялық бөлім орындар саны көбейді. Ұлттық жоба аясында облысқа, оның ішінде Жаңаарқа ауданына жаңа мамандар тартылып жатыр. Жалпы облысқа 150 миллион ақша бөлінсе, оның ішіне біздің Жаңаарқа аудандық ауруханасына 7 адамға 8 миллионнан көтерме көмек бөлініп жатыр. Сол мамандардың бүгінгі таңда үшеуі хирург, гинеколог, реаниматолог мамандар жұмысқа қабылданып, олар жұмысын істеп жатыр. Енді болашақта жақын арада келетін мамандар тағы да бір хирург, травматолог, кардиолог және невропатолог. Олармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жақын арада жұмысқа келіп, жұмыстарын бастайды деп отырмыз, - деді ол.

Ерлан Базарбаевтың айтуынша, жаңа мамандарды жұмысқа тартуға кедергі жасайтын баспана мәселесі.

«Бүгінгі таңда ол шешімін тауып отыр. Аудандық әкімшілік уақытша арендаға баспана беретін болды. Келесі жылы аудандық бюджеттен ауруханамыздың жанынан он сегіз пәтерлі тұрғын үй жобаланып отыр», - деді ол.

Ерлан Наурызбайұлы алғаш рет Ұлытау облысының аудандық ауруханасында лапроскопиялық ота жасалғанын атап өтті.

«Karl Storz фирмасының лапароскопиялық аппараты қазір іске қосылды. Ол былтыр облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаржы бөлінуімен жылдың соңында алынған болатын. Бүгінгі таңда үлкен дәрежелі санатты хирургтің келуіне байланысты 8 тамыз күні алғашқы операция жасалды. Операция жабық түрде ешқандай кесусіз, отаның күрделілігіне байланысты бірнеше тесік (ол бір, екі, үш болуы мүмкін) тесулер арқылы жабық түрде жасалады. Ол дегеніңіз науқастың әрі қарай қалыптасуына, аз уақыттың ішінде қалпына келуіне өте жақсы жағдай туғызады. Науқас үш күннен кейін үйіне шықты. Қазір жағдайы жақсы», - деді дәрігер.

Айта кетерлігі бүгінде Жаңарқа ауданының Ынталы ауылында бір ФАП пайдалануға берілді, Ұлытау ауданының (Байқоңыр, Терісаққан, Мибұлақ, Қоскөл) ауылдарында 4 ФАП құрылысы аяқталды, оларды медициналық техникамен жете жаблықтау күтілуде.

2024 жылдың соңына дейін қажетті жабдықтармен толық жабдықталған 15 денсаулық сақтау объектілерін (11 МП, 2 ФАП, 2 ВА) тапсыру көзделген. Ұлытау ауданында – 6 МП (Егінді, Алғабас, Қорғасын (Шеңбер), Ақтас кенті, Пионер, Айыртау елді мекендерінде), 1 ФАП (Борсеңгір ауылы), 1 ДА (Қаракеңгір ауылы), сондай-ақ, Жаңаарқа ауданында – 5 МП (Ақбастау ауылы, Кенжебай – Самай, Айнабұлақ, Манадыр, Атасу станциялары), 1 ФАП (Ескене (Талдыбұлақ), 1ДА (Ақтөбек) жаңартылады.

Жобаның екінші міндетін орындау үшін Жаңаарқа ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасында (КОАА) дайындық жұмыстары жүргізілуде, нәтижесінде ауданаралық аурухана мәртебесін алады және бірнеше елді мекендердің, оның ішінде көрші аудандардың аумағында орналасқан халыққа қызмет көрсететін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы