2 Қыркүйек 2026, 16:07 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова

Мырзуан ісі: 2017 жылғы техникалық қорытынды туралы сот басталғанда ғана білдік – Тұрғын үй инспекциясы

Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Еркебұлан фельдшер Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотта куә ретінде жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Тәуелсіздік даңғылы, 24B үйіне қатысты 2017 жылы дайындалған техникалық қорытынды туралы басқармаға тек сот процесі басталғаннан кейін белгілі болғанын айтты.

Куәнің сөзінше, 2025 жылғы 8 қарашаға дейін аталған үйдің фасадының қауіпті жағдайы немесе құлау қаупі туралы тұрғын үй инспекциясына бірде-бір шағым түспеген.

Осы тұрғын үй кешеніне қатысты бірде-бір шағым болған жоқ. Мүлдем түскен жоқ, – деді Мәлік Еркебұлан.

Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап 2025 жылғы 8 қарашаға дейін тұрғындар басқармаға хабарласқанымен, олардың мәселелері үйдің техникалық жағдайына емес, оны басқаруға қатысты болған. Атап айтқанда, тұрғындар ОСИ төрағасын сайлау, үй құжаттарын қабылдау және үйдің қараусыз қалуы жөнінде кеңес сұраған.

Мәлік Еркебұлан тұрғын үй инспекциясы өз бастамасымен көппәтерлі үйге кіріп, тексеру жүргізе алмайтынын түсіндірді. Басқарма негізінен шағымдар мен өтініштер түскен кезде әрекет етеді.

Сотта 2017 жылғы техникалық қорытындының аудан әкімдігінің бастамасымен дайындалғаны айтылды. Куә құжатта үйдің ішкі және сыртқы бөліктеріне, сондай-ақ лифтке қатысты кемшіліктер көрсетілгенін жеткізді.

Алайда осы кемшіліктерді жою бойынша қандай шаралар қабылданғанын Мәлік Еркебұлан нақты айта алмады. Ол бұл қызметке 2024 жылы келгенін атап өтті.

Бұл 2017 жыл. Ол кезде мен жұмыс істеген жоқпын, сондықтан білмеймін, – деді ол.

Куәның түсіндіруінше, егер техникалық қорытынды мемлекеттік органның бастамасымен жасалса, ондағы талаптардың орындалуын тиісті мемлекеттік орган бақылауы керек. Ал үйдегі ақауларды жоюға қатысты жауапкершілік ОСИ төрағасына жүктеледі.

Сотта 2017 жылғы қорытындыдан кейін қандай бақылау шаралары жүргізілгенін анықтау үшін аудан әкімдігінің архивінен құжаттар сұрату мәселесі де көтерілді.

Мәлік Еркебұлан 2025 жылғы 8 қарашадағы оқиғадан кейін өзі оқиға орнына барғанын айтты. Кейін қала әкімінің тапсырмасымен аудан әкімдігі жанынан штаб құрылып, үйге қатысты жұмыстар күн сайын бақылауға алынған.

Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға кезінде жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.

Бүгінгі сот отырысында оқиға болған үйдің тұрғыны куә Марина Самсонова үйдің техникалық жағдайына қатысты тұрғындар бірнеше жылдан бері мәселе көтеріп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазір тұрғындар ғимараттың тағы да құлауы мүмкін екеніне алаңдап отыр.

Ал Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының техникалық бөлім басшысы Ербол Ахметов фельдшер Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты өтіп жатқан сот отырысында көппәтерлі тұрғын үйді авариялық деп тану тәртібін түсіндірді.