Мырзағалиев ЖЭК, ГЭС және атом энергетикасы туралы: Қазақстан генерацияны арттырады

Qazaqstan NEXT 2026 форумы аясындағы панельдік сессияда сөз сөйлеген ҚР Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мирзағалиев Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздік, энергияның қолжетімділігі және декарбонизация арасындағы тепе-теңдікті табуға қатысты негізгі ұстанымдарын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Пікірталасқа қатысушылар сондай-ақ 2026 жылдың өзінде-ақ айтарлықтай нәтиже беріп, ел экономикасының тұрақты дамуына қолдау көрсете алатын екі-үш практикалық қадам қандай болуы мүмкін екенін талқылады.

Жедел шешімдер туралы айтсақ, энергетикада тым жылдам нәтиже күтудің өзі қиын. Себебі электр энергетикасы саласын дамыту десек, әрдайым белгілі бір уақыт қажет: энергетиканы бірден тез салып тастау немесе нөлден бастап жасап шығу мүмкін емес. Бұл – ұзақ әрі мұқият еңбекті талап ететін процесс. Ал нақты сандарға келсек, бізде шамамен 21-25 ГВт көлемінде орнатылған қуат бар. Алдағы 10 жылда осы көрсеткішті екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Ол бұл өсімде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі едәуір жоғары болады деп отыр.

Сандармен айтсақ, өткен жылы электр энергиясы балансында шамамен 7% электр қуаты «жасыл» көздерден алынған еді, – деп атап өтті Президенттің кеңесшісі.

Энергожүйені әрі қарай дамыту мәселесіне тоқталған Мағзұм Мирзағалиев Қазақстан теңгерімді ұстанымды сақтайтынын атап өтіп, дәстүрлі генерацияны да, "жасыл" энергетиканы да қатар күшейту жоспарланғанын айтты. Бұл ретте гидроэнергетика мен атом энергетикасы энергиялық өтпелі кезеңнің негізгі бағыттарының бірі ретінде ерекше назарда болады.

Алдымыздағы жоспар – дәстүрлі энергетиканы (көмір, газ) да ұлғайту және сонымен бірге жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытын ешбір жағдайда тоқтатпау. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы гидроэнергетикада жаңа қуаттарды іске қосуға қатысты өте ауқымды міндет қойып отыр. Бұл – жаңартылатын ресурс, бұл – толықтай таза "жасыл" энергия, – деді Мырзағалиев.

Президент кеңесшісі атом энергетикасының елдің ұзақ мерзімді стратегиясындағы орнына да жеке тоқталып, оның энергиялық өтпелі кезең үшін және тұрақты генерацияны қамтамасыз етудегі маңызын айтты.

Атом саласы туралы мен өз сөзімде айтып өттім: бүгінде атом энергиясы, былайша айтқанда, энергиялық өтпелі кезеңнің негізгі элементі болып отыр. Сондықтан біз, әрине, атом энергетикасына айрықша назар аударамыз, – деді ол.

Климат күн тәртібіне байланысты Мағзұм Мирзағалиев Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін еске салып, шығарындыларды азайту және көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсаттары жүйелі шешімдерді бүгіннен бастап талап ететінін айтты.

Айта кетейін, өңіріміздегі елдер ішінде, ТМД елдері арасында Қазақстан Париж келісіміне қосылып, оны ратификациялаған алғашқы мемлекет болды. Соған сәйкес алдымызда шығарындыларды 15%-ға қысқарту жөнінде өршіл міндет тұр. Бұдан бөлек, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа көшу немесе оған қол жеткізу туралы мәлімдеді. Бұл – шыны керек, өте ауқымды әрі оңай емес міндет. Дегенмен бүгін онсыз болмайды: бұл Қазақстанның жаһандық климат өзгерістеріне жауап қатуға қаншалықты дайын екенін де көрсетеді, – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Айта кетерлігі, Qazcontent АҚ – форумның ресми медиасеріктесі болып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы