Мырзағалиев Қарағанды облысының кәсіпорындарын аралады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын таныстырумен қатар облыстың бірқатар кәсіпорнын аралады.


Солардың бірі — «Қарағанды осетр» ЖШС. Кәсіпорын жабық тоғанда бекіре өсірумен айналысады. 


Оның басшысы Дмитрий Абильдиннің айтуынша, өндірістің тұсауы осыдан сегіз жыл бұрын кесілген. 




Бастапқыда жобаның қуаты жылына 50 тоннаға жуық бекіре балығын өндіру болатын. Бүгін сол межеге жеттік. Ендігі мақсат - бекірелерді ашық тоғанда көбейту және экспортқа бейімдеу. Өткен жыл барлығымыз үшін де оңай болған жоқ. Соған қарамастан өндіріс көлемін азайтпауға тырыстық. Биыл Ресей Федерациясымен тауар жеткізу жөнінде келісім жасалды, - деді серіктестік басшысы.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Түркия және Араб әмірліктерімен келісімге келу көзделген. Кәсіпорын басшысы бекіре шаруашылығының тыныс-тіршілігімен де таныстырып өтті.



Сондай-ақ, министр Мағзұм Мырзағалиев Саран қаласындағы «SES Saran» ЖШС күн электр стансасына ат басын бұрды. Күннің энергиясын электр энергиясына айналдыратын стансаның қуаты - 100 мВт.


Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жоба құны - 137 миллион доллар. 


Жылдық өндіріс қуаттылығы 147 млн кВт/с, 4,5 миллиард теңгеден астам. Қазіргі күні 20-дан астам қызметкер жұмыс істейді.


Сонымен қатар, министр «Қарағанды энергоцентр» ЖШС жұмысымен де танысты. 


Бұл жылу электр стансасы облыстың 70 пайызын жылу энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. 


Кәсіпорын бас директоры Андрей Ляпуновтың айтуынша, мұнда ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың мөлшерін төмендету бойынша жұмыс 2009 жылы басталған.


Сол жылы тарифті инвестицияға ауыстыру бағдарламасы іске қосылғанда кәсіпорынның қазандықтар мен өзге де маңызды құрылғыларын зауыттық деңгейге жеткізу мақсатын алға қойдық. Қазандықтардың пар өндіру қуаты арттырылып, соңғы үлгідегі эмульгаторлар қойылды. Нәтижесінде күлді 99 пайызға дейін соның ішінде ұстап қалу көрсеткішіне қол жеткізілді, - деді ол.
  
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы