Мырзағалиев Екібастұздағы ГРЭС-тер қашан салынып бітетінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында айтты.

ГРЭС-1 бірінші энергоблокты қалпына келтіру жобасын іске асырудың мақсаты станция қуатын 500 МВт-қа ұлғайту болып табылады. Бұл Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі тұтынудың болжамды өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кешенді жоспарда көзделген инвестициялар сомасы 66,5 млрд теңгені құрайды, - деді ол.

Мырзағалиев айтқандай, жобаны «Самұрық-Энерго» іске асырады.

Қазіргі уақытта Екібастұз ГРЭС-1 жобасының әзірлігі шамамен 41,8% пайызды құрайды. Оның ішінде 88,3% ескі жабдық бұзылып алынды, 33% жаңа жабдық құрастырылды.Жобаны 2023 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр, - деді ол.

Министрдің айтуынша, Екібастұздағы ГРЭС-2 кеңейту және реконструкциялау жобасы 2025 жылға дейін қуаты 636 МВт болатын жаңа энергия блогын салуды көздейді.

Аталған жобаны іске асырғаннан кейін станцияның белгіленген қуаты 1000 МВт-тан - 1 636 МВт-қа дейін ұлғаятын болады.Жобаны іске асырушы – «Самұрық-Энерго». Бүгінгі таңда нақты іске асыру жоспары анықталып, қаржыландыру схемасы келісілді, - деді ол.

Мырзағалиев үшінші жоба туралы да айтып берді.

Үшінші жоба туралы айтатын болсақ, ол бойынша қуаты 500 килоВольт болатын жаңа кіші станция салу қарастырылған. Екібастұз қаласының индустриялық аймағын электрмен жабдықтау екі жаңа электр беру желісін салу жолымен жүзеге асырылатын болады. Жобаны іске асырушы – «KEGOC» акционерлік қоғамы. Бұл жоба индустриялық аймақ тұтынушыларын электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында іске асырылуда. Жобаның болжамды құны шамамен 16 млрд теңгені құрайды, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Ол айтқандай, негіздемені 2022 жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы