Мыңнан аса жас десантшы әскери ант берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде осы жылдың көктемінде шақырылған сарбаздардан әскери ант қабылдау рәсімдері  жалғасуда. 

Салтанатты рәсімдер Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдерінде, Десанттық-шабуылдау әскерлерінде, «Астана» өңірлік қолбасшылығында өтті. Осындай шаралар барысында бір жарым мыңға жуық сарбаз Отан алдындағы абыройлы борышын адал болуға ант берді.

Бір ай ішінде әскерге шақырылушылар «жас жауынгер курсынан» өтті. Бөлімшелердің тарихымен және дәстүрлерімен танысты, жарғыларды, техника мен қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, саптық және атыс даярлығының негіздерін зерделеп, өздерінің алғашқы атыстарын орындады.

Биылғы жылы ант қабылдау рәсімдері еліміздің әр өңірінен әскерге шақырылғандардың туыстары мен жақындарының қатысуымен өткізіледі.

Жас жауынгерлерге арналған бұл шарада әскерге шақырылушылардың ата-аналарына әскери бөлімдердің инфрақұрылымымен танысуға, олардың балалары қандай жағдайда қызмет өткеретінін өз көздерімен көруге мүмкіндік берілді. Командирлермен кездесулер өткізіліп, қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

Азат армияға қандай ықыласпен барғысы келгенін білсеңіз ғой. Оның арманы орындалды! Ол – десантшы! Қазақстан әскерінің элиталық бөлімшесіне барды. Десанттық-шабуылдау бригадасында барлық жағдайлар жасалғанын көрдім және өсіп келе жатқан жастарды қызықтырып, жігерлендіретініне қуаныштымын, – деді Ақтау қаласынан 35-ші десанттық-шабуылдау бригадасына шақырылған қатардағы жауынгер Азат Үсеновтың анасы Ханшайым Бүргібаева.

Салтанатты іс-шаралар Қарулы күштер әскери қызметшілерінің қару-жарағын, әскери техникасын, жабдықтарын көрсетумен және жас сарбаздардың көрсетілімдерімен аяқталды.

Жас сарбаздар енді жауынгерлік іс-қимылды қарқынды оқып, әскери-есептік мамандықтарды игеріп, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканы үйренеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы