Мыңға жуық қарағандылық қызылша дертін жұқтырған

Қарағанды облысында бүгінгі таңда қауіпті жұқпалы ауруды жұқтырудың 828 жағдайы тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Биыл жыл басталғалы бері қызылшаға күдікпен 128 жағдай тіркелген, оның 23-і зертханалық расталды.

Келесі аптадан бастап ауа және тамшы жолмен жұғатын инфекциялармен, оның ішінде қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі күтілуде. Бұл мереке күндерінен кейінгі ең төменгі инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты. Мұндай аурулардың алдын алу үшін ең сенімді алдын алу шарасы – вакцинация. Ал ауырған жағдайда вакцинация асқынулардан қорғайды. Біз ата-аналарды балаларын қосымша жаппай иммундау шеңберінде қызылшаға қарсы екпе алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға уақтылы жүгінуге шақырамыз. Әсіресе 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балалар, 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларды. Сондай-ақ қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы жоспарлы иммундауға жататын 1 және 6 жастағы балаларды уақтылы вакцинациялау қажет, - дейді өңірдің бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин.

Айтуынша, науқастардың басым бөлігі Қарағанды, Теміртау, Приозерск, Нұра және Қарқаралы аудандарында тұрады. Дертке шалдыққандар негізінен 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар, олардың ішінде төрт жасқа дейінгі балалар көп.

Облыс бойынша оқу жылының басынан бері қызылша 73 мектепке дейінгі ұйымдарда, 97 мектепте, 21 колледжде және 4 ЖОО-да тіркелген.

Эпидемиологиялық маусымның басынан, 2023 жылдың қазан айынан бастап инфекциялық стационарларда қызылшамен ауыратын 600-ден астам пациент емделді, оның ішінде 441 бала және 167 ересек адам. Қызылша – ауа-тамшы арқылы берілетін және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін өте жұқпалы жедел вирустық ауру. Кез келген адам қызылшамен ауыруы мүмкін, бірақ бұл көбінесе балаларда кездеседі, - деп атап өтті облыстың Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Қызылшаның негізгі белгілері – дененің қатты қызуы, жөтел, мұрыннан су ағу және бүкіл денеде бөртпе шығады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Архив BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы