"Мыңға жуық астаналық баспаналы болады". Тұрғын үй қоры құжат қабылдай бастады
Астанада «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына құжат қабылдау басталды. Жаңа жылда 960 елордалық баспаналы болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ баспана кезегінде тұрған азаматтарды жақсы жаңалығымен қуантты.
Құрметті кезекте тұрғандар! Тұрғын үй орталығы «Көпбалалы отбасылар» және «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санаттары үшін «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау туралы хабарлайды. Құжаттар 2023 жылғы 20 желтоқсаннан бастап сағат 09:00-ден 2023 жылғы 28 желтоқсанға дейін сағат 23:59-ға дейін қабылданады, - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, құжаттарды қабылдау көрсетілген кезеңде тек qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы электронды түрде жүргізіледі.
Іріктеу кезекке қойылған күнге сәйкес жүргізіледі және отбасының құрамы ескеріледі. Назар аударуды сұраймыз! Қатысуға өтінімдерді кезекке қойылған барлық жылдардағы кезекте тұрған азаматтар бере алады, алайда қатысуға өтінім бергендер арасында басқалардан бұрын кезекте тұрғандар өтеді, - деп түсіндірді ведомство.
Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Бұл бағдарламаға Астана қаласының коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар қатыса алады. Атап айтқанда:
- жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
- жасы бойынша зейнеткерлер;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- қандастар;
- экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
- көпбалалы отбасылар;
- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
- толық емес отбасылар.
Қанша пәтер беріледі?
Пәтерлердің жалпы саны – 960, оның ішінде: «Көпбалалы отбасылар» санаты үшін - 270 пәтер; «Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты үшін – 173 пәтер; басқа санаттағы «Халықтың әлеуметтік осал топтары» үшін - 517 пәтер.
Бұл ретте тұрғын үй түрі сатып алу құқығынсыз жалға берілетінін айта кеткен жөн.
Бағдарламадан өткен тұрғындар Астана қаласы, Пригородный кенті, Е.761 көшесі («Оrman park» ТК); Е 699 көшесі - «Аѕраn park 1» ТК, «Аѕраn park 2» ТК; Тілендиев даңғылы («Жетіжол» ТК; Астана-Қарағанды тас жолы, 23 («Денсаулық» ТК); «ЕК-17, ЕК-21» көппәтерлі тұрғын үй кешені, «Едем» ТК, Көктал ауданы, «Көктем» ТК тәрізді нысандардан баспана алады. Дегенмен оларға таңдау құқығы берілмейді.
Жалға берілетін баспанаға қол жеткізу үшін қандай құжаттар қажет?
Құжаттарды қабылдау басқарманың кеңсесінде емес, тек qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы электронды түрде жүргізілетінін еске саламыз. Ол үшін баспана кезегінде тұрғандарда төмендегідей құжаттары болуы керек:
1) ЭЦҚ кілті;
2) отбасының барлық мүшелеріне ҚР бойынша жылжымайтын мүліктің жоқ немесе бар екендігі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;
3) балалардың туу туралы куәліктерінің сканерленген нұсқасы / отбасы мүшелерінің жеке куәлігі (бар болса);
4) неке қию/бұзу/ әке болуды анықтау туралы куәліктің сканерленген нұсқасы/ №4 формасы/ қайтыс болу туралы куәлік (бар болса);
5) жылжымайтын мүлікті белгілейтін құқықтық құжаттарының сканерленген нұсқасы (бар болса);
6) мүгедектік туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (бар болса).
Айта кетейік, өтінімдерді қарау нәтижелері zhilfond.kz сайтында, www.gov.kz – «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ және тұрғын үй орталығының әлеуметтік желілерінде жарияланады.