Бүгiн 2026, 11:47 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Мыңдаған сайлаушы дауыс беру күні онлайн сервистерді пайдаланды 

Сайлау науқаны барысында цифрлық құралдарға және азаматтарды алдын ала ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінген.

Қазақстанның Орталық референдум комиссиясында дауыс беру науқанына дайындық және оны өткізу кезеңінде цифрлық сервистерді пайдалану қорытындыланды. Комиссия өкілдерінің айтуынша, онлайн құралдар сұранысқа ие болып, азаматтарды ақпараттандыру бірнеше арна арқылы қатар жүргізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Орталық референдум комиссиясының төрағасының орынбасары Ерман Мұхтардың айтуынша, сайлау науқаны барысында цифрлық құралдарға және азаматтарды алдын ала ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінген.

Біздің негізгі міндеттеріміздің бірі – сайлаушыларды қолжетімді әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз ету болды. Біз тек дәстүрлі арналарды – теледидар, газеттер мен сайттарды ғана емес, сонымен қатар SMS-хабарламалар мен eGov порталы сияқты қосымша құралдарды да пайдаландық. Дауыс беру күні цифрлық сервистер еліміз бойынша 5 066 сайлау учаскесінде іске қосылды. Азаматтар өздерінің қай учаскеге тіркелгенін тексеріп, қажетті ақпаратты ала алды. Қазіргі деректер бойынша, шамамен 18 мың адам дәл дауыс беру күні осы сервистерді пайдаланған, – дейді ол.

Оның айтуынша, дауыс беру күніне дейін де көптеген азамат өз деректерін нақтылау мүмкіндігін пайдаланған.

Дауыс беру кезеңіне дейін шамамен 870 мың сайлаушы тиісті сервистер арқылы өтініш беріп, өз мәліметтерін нақтылады, – дейді ол. 

Сондай-ақ, бұрын ешбір учаскеге тіркелмеген азаматтар үшін тіркелу мүмкіндігі қарастырылған.

Мұндай азаматтар үшін 220 учаскеде тіркелу ұйымдастырылды. Нәтижесінде шамамен 1 млн 287 мың адам өз учаскесін табу және өтініш беру сервистерін пайдаланған, – деп түйіндеді Ерман Мұхтар.

Анықталғандай, референдум күні аумақтық комиссияларға 35 өтініш түскен. Ал дауыс беру қорытындысы бойынша екі талап-арыз сотқа жолданды.