Мына кезеңнен өтсек, бәрі жақсы болып кетеді деген жоқ – психолог ажырасу туралы
Ержан Мырзабаев Астана жастарымен кездесуде елімізде 2023 жылы ажырасқан адамдарға қатысты статистиканы талдап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2023 жылы елімізде 120 мың неке тіркелсе, сол жылы оның 40 мыңы бұзылды. Үштен бірі. Сізді ренжіткім келмейді, бірақ мында отырған әрбір үшінші жұп жақында ажырасады, статистикаға сүйенетін болсақ. Ажырасудағы тағы бір статистика 34,9 пайызы үйленгеннен кейін 1-4 жыл арасында ажырасқан отбасылар. Бұл не? Ол 23-24 жаста үйленсең, 30-ға жетпей ажырасқан адамсың деген сөз. 4 жылда бір не екі балаң болады. 30-ға жетпей бізде қаншама ажырасқан, жалғызбасты, толық емес отбасылар пайда болып жатыр, - деді психолог.
Ол сондай-ақ 26,7 пайыз отбасылар 5-9 жылдан кейін ажырасатынын жеткізді.
Негізі ары қарай кете берсең, кете береді. Бір статистикадан мынаны көрдім: 20 жыл және одан да көп жыл тұрған соң ажырасатындар 13 пайыз екен. 13 пайыздың өзі әжептәуір. 120 мың болатын болса, соның 12 мыңы – 20 жыл бірге тұрған адамдар. Байқап тұрғаныңыздай, мына кезеңнен өтсек, бәрі жақсы болып кетеді деген нәрсе жоқ, - деді ол.
Ержан Мырзабаев оның себебіне де тоқталды.
Неге бәрі жақсы болып кетпейді? Өйткені отбасылық өмірде адамда барлық нәрсе бірінші рет болады. Сіз үйленесіз, бірінші рет қалай әйел, қалай күйеу болу керегін көресіз, білесіз. Одан кейін балаңыз болады. Бірінші рет ана, әке боласыз. 5 балаңыз болса да, өміріңізде бірінші рет 5 баланың ата-анасы боласыз. 15 жыл тұрсаңыз да, өміріңізде бірінші рет 15 жыл тұрып жатқан адам боласыз, - деді психолог.
Сондықтан Ержан Мырзабаев өзі құрған Отбасы академиясының курстарына бойдақтарға отбасылық өмірге дайындық ретінде, ал отбасылы адамдарға отбасын күшейту үшін қатысуға кеңес берді.