"Мың шыж-быждан бір сіз-біз артық": Тоқаев Қазақстанның халықаралық беделі туралы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық аренадаға абырой-беделінің жоғары екендігін және өзгелердің бізбен санасатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.

Цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық стратегиялық мүддесіне сай келетін теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықты дамуымызға зор ықпал етеді деп сенемін. Көптеген мемлекет Қазақстанмен достық қатынас орнатып, тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады. Мұның өзі, бірінші кезекте, еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделі жоғары екенін және өзгелер бізбен санасатынын көрсетеді. Біз маңызды халықаралық проблемаларды шешуге өз үлесімізді қосып келеміз. Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға мүдделі алыс-жақын елдердің бәрімен ынтымақтастығымызды бағалаймыз, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент жуырда көрші елге жасаған сапарына тоқталды.

Жақында мен Қытайға ресми сапармен бардым. Онда мәңгі стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселелері бойынша табысты келіссөздер өтті. Менің Түркияға және Қырғызстанға сапарларым да сәтті болды. Осы жылдың соңына қарай мен Ресейге және Өзбекстанға барамын. Астанада Әзербайжан, Армения, Түрікменстан басшыларын қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ Азияның, Еуропаның, Африканың бірқатар мемлекет басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізу жоспарланған, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан-Америка сұхбаттастығы да белсенді жалғасып келе жатқанын алға тартты. Еуропа одағымен сан салалы байланыстарымыз күшеюде.

Мәскеуде және Бейжіңде өткен салтанатты іс-шаралар адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың ондаған миллион құрбаны әлем халқының жадында мәңгі қалатынын аңғартты. Сондай-ақ бәрімізді сол бір қанды қырғынға қайта баға беруден және жаңа дүниежүзілік соғыс бастауға ұмтылудан аулақ болуға шақырды. Барлық ел өсіп-өркендеу үшін бейбітшілікті сақтап, ортақ мәмілеге келе білуі керек. Мың шыж-быждан бір сіз-біз артық. Сол себепті Қазақстан Аляскада өткен Ресей-АҚШ саммитінің нәтижесіне, сондай-ақ Вашинтонда Президент Трамптың арағайындығымен Әзербайжан мен Арменияның бейбітшілік туралы декларацияға қол қойғанына қолдау білдірді, - деді Президент.

Айта кетерлігі, Президент жақында Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз сөйлейді. Басқосуда халықаралық ахуалға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауға қатысты Қазақстанның көзқарасын білдіреді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: - архив/ Бауыржан Жуасбаев
Өзгелердің жаңалығы