«Мың баланың» жеңімпаздары марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Асыл сөз» республикалық мектебінің аясында «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов және тағы басқалары қатысты.

Жансейіт Түймебаев өз сөзінде жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының бастауымен еліміздің барлық өңірінде 2015 жылдан бері іске асырылып жатқанын айтты. Жоба мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдіргендерге жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондықтан жобаға қатысушылар мен жеңімпаздар саны жылдан жылға ұлғайып келеді. Мәселен, 2018 жылы жеңімпаздар саны 47 болса, 2019 жылы 57-ге дейін жетті.

Биыл 65 адам жоба жеңімпазы атанды.

«Мың бала» жобасы аясында осы жылы қазақ тіліне үйрететін «Тіл мектебі» атты авторлық бағдарлама әзірленді, түрлі этностардың балалары мен жастарына арналған «Асыл сөз» мектебінің коммуникативті тренингтері мен курстары өткізілді. 2020 жылы жоба аясында «Абайдың 175 жылдығы» акциясы іске асырылғаны айтулы оқиға.

Өз кезегінде өңірлердегі жоба жеңімпаздары да сөз алып, аталмыш жобаға қатысып өз қабілеттерін көрсете білгендері үшін жоба ұйымдастырушыларына алғыстарын білдірді. Барлық өңірдегі жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар жіберілді.

Іс-шара ұйымдастырушысы – ҚР АҚДМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы