«Мың бала» олимпиадасының екінші кезеңі басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының екінші кезеңі басталды. 

Биыл 27-29 сәуірде бірінші кезеңнен өткен 5 мың оқушы өңірлік тестілеу орталықтары базасында математикалық сауаттылық, қазақ тілі (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін оқушылар үшін), орыс тілі (оқыту орыс тілінде жүргізілетін оқушылар үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімді бағалауға арналған компьютерлік тестілеуден өтеді. 

Биыл еліміздің көптеген ауылын қамтыдық. Олимпиадаға 146 мыңнан аса оқушы тіркелді, 132 мыңнан аса оқушы бірінші кезеңнің онлайн тестілеуіне қатысты. Тесттер кеңістіктік және логикалық ойлау қабілетін бағалауға бағытталған. Олимпиаданың орташа өту балы 5-сыныпта – 347,28, ал 6-сыныпта – 347,13 балл. Қазақстан бойынша жоғары көрсеткішті Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының оқушылары көрсетті, - деді «Елбасы Академиясы»  КҚ директоры Асланбек Амрин.

Олимпиада жеңімпаздары квота бойынша дарынды балаларға арналған еліміздің жетекші мектептеріне: республикалық физика-математика мектебіне, "Білім-Инновация" лицейіне, "Дарын" мамандандырылған мектебінде оқи алады.

Айта кетейік, «Мың бала» олимпиадасы үшінші жыл қатарынан қабілетті ауыл оқушыларын анықтап келеді. 

«Мың бала» – ауылдағы мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін қолдауға, әрі қабілетті оқушыларды іріктеуге бағытталған бірегей жоба. Олимпиаданы «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры мен білім және ғылым министрлігі бірлесіп өткізеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы