Музыкант 24 сағат бойы көшеде ән айтып, Гиннесс рекордын жаңартты

Солтүстік Ирландия музыканты Марти Рафферти 24 сағат бойы көшеде ән шырқап, Guinness рекордын жаңартты. Ол 30 сағатқа дейін өнер көрсетуді жоспарлап, жергілікті қайырымдылық шарасына 3,6 млн теңгеден астам қаржы жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

News Letter басылымының мәліметіне сүйенсек, Арма графтығының өнерпазы сәрсенбі күні күндізгі 12-де Маркет-стритте өнерін бастап, бейсенбі күні түстен кейін 24 сағаттық көрсеткішке жетті. Бұл нәтижесімен ол бұрынғы ресми рекордты жаңартты. Рафферти соңғы аккордын бейсенбі күні кешкі 18:00-де орындауды жоспарлауда, алдыңғы көрсеткіштен 6 сағатқа ұзақ өнер көрсетпек.

Музыкант BBC-ге берген сұхбатында өзін "толығымен сергек әрі күшке толы" сезінетінін айтқан. Оның айтуынша, таяудағы бейресми рекорд – 26 сағат. Осыған байланысты ол 30 сағат бойы тоқтамай өнер көрсетіп, екі рекордты бірдей бұзуды мақсат етіп отыр.

Айта кетейік, өткен аптада әнші бас бармағын жарақаттағанына қарамастан, өнер көрсетуді тоқтатқан жоқ.

Белгілі болғандай, бұл қайырымдылық бастама болып отыр. Марти аталған шараны жергілікті Рождестволық ойыншық акциясына қаражат жинау мақсатында ұйымдастырып отыр. Осы мақсатқа GoFundMe платформасында жобалық бет жасалды. Қазіргі таңда 5 000 фунт стерлинг (3 630 000 теңгеден астам) қаржы жиналған.

Жобаны ұйымдастырушы Лиам Уайттың айтуынша: бастапқыда тек қайырымдылық концерті ойластырылған. 

Содан соң бускатон (көше өнерін ұзақ орындау) туралы ой түсті және кейін Guinness рекорды туралы шешімге келдік. Сол күні-ақ өтініш беріп, үш айдан соң жауап алдық. Содан кейін артқа жол болмады, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы