«Музейлер түні». Ұлттық музейге 47 мың адам келіп, рекорд қойды
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елордалық музей халықаралық музейлер күніне орай «Музейлер түні» атты ауқымды халықаралық акция өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аккия аясында Ұлттық музейге барлығы 47 мыңнан астам адам келді. Осылайша өткен жылғы рекорд жаңартылды. Естеріңізге сала кетейік, 1 жыл бұрын акцияға 30 мыңға жуық адам келген еді.
Ең алдымен көзге түскені, музейге кіреберістің әрқайсысында бірнеше метрлік кезек пен келушілерге лық толы залдар. Ауа-райы мен кешкі уақыт екеніне қарамастан, адамдар отбасылармен келіп жатты. Ал ауданы 74 мың шаршы метрді құрайтын және 200 мыңнан астам экспонаты бар елдегі ең үлкен музей барлық тілек білдірушілерді әрең орналастырды, ал кейбір залдарда ине шаншар жер қалмады. Соған қарамастан, музейдегі атмосфера ерекше, нағыз отбасылық және шынымен мерекелік болды.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов іс-шараға жиналған келушілерге құттықтау сөз сөйлеп, содан кейін Ұлттық музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен және алдағы мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.
Естеріңізге сала кетейік, «Музейлер түні» — отандық мәдени қызметкерлер күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар бағдарламасының бір бөлігі. Салтанатты рәсім барысында Министр еліміздің әр өңірінен келген үздік музей қызметкерлерін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
Ұлттық музей қабырғасында концерттік және ойын-сауық бағдарламалары, ойындар, квесттер, дәрістер, музей реставраторларының шеберлік сабақтары, қолөнершілер жәрмеңкесі, театрландырылған экскурсиялар және бірден бірнеше экспозиция ұйымдастырылды. Келушілер «Музейлер түніне» арнайы дайындалған кітаптар мен авторлық қуыршақтар көрмесін тамашалады, сондай-ақ белгілі тарихшылар мен басқа да танымал тұлғалар экскурсиялар өткізген «Жұлдызды гид» жобасына қатысты.
Мыңдаған келушілермен бірге Асхат Оралов бірнеше залды аралап, оларда ұсынылған экспонаттармен танысты. Атап айтқанда, жақында ашылған Палеонтология залы қонақтар арасында ерекше танымал болды. Сондай-ақ, Министр медиаменеджер Арманжан Байтасов жүргізген «жұлдызды» экскурсияға барды. Іс-шарада басқа елдерден көптеген қонақтар болды.
Елорда тұрғындары мен қонақтарымен осы мерекелік кешті бөлісу өте қуанышты. Астанадағы «Музейлер түні» естен кетпестей думанға толы болды десем, қателеспеймін деп ойлаймын. Бұл қазақстандықтардың өз мәдениетіне, тарихына және өнеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Біздің міндетіміз — осындай іс-шаралар арқылы адамдарға еліміздің рухани мұрасын қолжетімді ету, - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі.