Мұздықтардың еруі Альпі тауларында апат қаупін күшейтіп отыр
Қауіп әсіресе Франция, Италия, Австрия және Швейцариядағы 2500-3000 метр биіктіктегі таулы аймақтарға қатысты.
Непалдағы жойқын мұздық апатынан кейін ғалымдар климаттың жылынуы Альпі тауларында да осындай табиғи құбылыстардың қаупін арттырып отырғанын ескертті. Бұл туралы Euronews жазды.
Альфред Вегенер атындағы Полярлық және теңіз зерттеулері институтының гляциологы Олаф Эйзеннің айтуынша, Альпіде мұздықтардың опырылуы мүмкін. Алайда олардың ауқымы Непалдағы апат деңгейіне жетуі екіталай.
Маман мысал ретінде 2025 жылғы мамырда Швейцарияның Блаттен ауылында болған мұздық опырылуын келтірді. Қауіп алдын ала болжанып, ауыл тұрғындары эвакуацияланғанымен, бір адам қаза тапқан. Ал алдын ала есеп бойынша, Непалдағы апат кезінде құлаған мұз көлемі Блаттендегі жағдайдан шамамен 10-20 есе көп болған.
«Еуропа – климаттың антропогендік өзгеруіне байланысты ең жылдам жылынатын құрлықтардың бірі. Мұздықтардың тез шегінуі мен мәңгі тоңның еруі биік тауларды тұрақсыз етеді», – деді Эйзен.
Қауіп әсіресе Франция, Италия, Австрия және Швейцариядағы 2500-3000 метр биіктіктегі таулы аймақтарға қатысты. Аптап ыстық пен нөсер жауын сияқты экстремалды ауа райы мұздықтардың опырылу ықтималдығын одан әрі арттыруы мүмкін.
Швейцарияда 1850 жылдан бері шамамен 1000 мұздық жоғалған, бүгінде елде 1300-дей мұздық қалған. Ал 2000-2024 жылдары Швейцария мұздықтары жалпы мұз көлемінің 38%-ын жоғалтқан.
Ғалымдардың түсіндіруінше, температураның көтерілуінен мәңгі тоң мен мұздықтың табаны ериді. Соның салдарынан мұз массасының тау жыныстарымен байланысы әлсіреп, опырылу қаупі артады. Мұндай жағдай 2022 жылы Италиядағы Мармолада мұздығында болып, 11 альпинист қаза тапқан.
Эйзеннің пікірінше, мұздықтарды сақтаудың ең тиімді жолы – климаттың жылынуын тежеу. Ал механикалық қорғаныс шаралары тек жекелеген аумақтарда қысқа мерзімді нәтиже береді.